
ЕҰУ-да 11-сынып оқушылары арасында өткен Өңірлік пәндік олимпиаданың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің президенттік аудиториясында өткен салтанатты жиында 11-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған Аймақтық пәндік олимпиада өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары марапатталды.
Бұл олимпиада - жай ғана білім жарысы емес, жас зияткерлер өз ой тереңдігін, сыни тұрғыдан ойлау қабілетін және шығармашылық батылдығын мектеп пәндерінің кең ауқымы бойынша көрсеткен шынайы интеллектуалдық квест болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер тыңғылықты дайындықтарын ғана емес, сондай-ақ стандартты тапсырмалар шеңберінен тыс ойлай алатын қабілеттерін де дәлелдеді.
Марапаттау рәсімін академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай құттықтау сөзімен ашып, мұндай іс-шаралардың мектеп пен ғылымға бастар болашақтың арасындағы алтын көпір екенін атап өтті.
Пәнді жетік меңгергені, шығармашылық ерекшелігі және білімін сенімді түрде көрсете білгені үшін жас зияткерлерге I, II және III дәрежелі дипломдар табысталды.
Дипломдармен қатар, әрбір қатысушыға естелік сыйлықтар мен арнайы жүлделер салтанатты түрде Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректордың, академиялық мәселелер жөніндегі департамент директорының, институт директорларының, факультет декандары мен университет профессорларының қолынан тапсырылды.
Олимпиада қорытындысы негізінде ең көп жеңімпаздар мен жүлдегерлерді даярлаған білім беру ұйымдарына айрықша назар аударылды. Әбіш Кекілбаев атындағы Binom School, №60 мектеп-лицейі және Қадыр Мырза Әлі атындағы Binom School мектептерінің педагогтері кәсіби біліктілігі мен жүйелі еңбегі үшін алғыс хаттармен марапатталып, оқушылардың жоғары нәтижелерге жетуіне қосқан үлесі ерекше аталып өтті.
