
ЕҰУ-да «Оқу сауаттылығы» оқу-әдістемелік құралын таныстырды









Foundation бөлімі ұйымдастырған ЖОО-ға дейінгі дайындық бөлімі тыңдаушыларына арналған «Оқу сауаттылығы» оқу-әдістемелік құралының тұсаукесер рәсімі өтті.
Тұсаукесерді «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Әлібек Жұрқадам ашып, оқу-әдістемелік құралдың дайындық бөлімінде білім алатын шетелдік және қандас тыңдаушылар үшін өзектілігін атап өтті. Құттықтау сөз сөйлеген Филология факультетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі декан орынбасары Гүлназ Қасбаева бұл басылым талапкерлердің функционалдық сауаттылығын арттыруға, жоғары оқу орнына бейімделуіне және білім траекториясын жалғастыруына мүмкіндік беретінін айтты.
Келесі кезекте оқу құралының авторы, Практикалық қазақ тілі кафедрасы мен Foundation бөлімінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Амангүл Әділбек басылымның мазмұны мен құрылымын таныстырды. Тұсаукесер аясында қонақтар мен авторлар қатысуымен символдық лента қию рәсімі өтті.
Іс-шара барысында Халықаралық қатынастар департаментінің сарапшысы Ботагөз Паратхан, Қазақ тіл білімі кафедрасының Шынар Салықжанова, Foundation бөлімінің оқытушысы Амангүл Ашенова және бөлім тыңдаушысы А. Жанпейс сөз сөйлеп, авторларға алғыс білдіріп, оқу-әдістемелік құралдың дайындық бөлімінде білім алатын талапкерлер үшін өзекті әрі сұранысқа ие басылым екенін атап өтті.
«Оқу сауаттылығы» оқу-әдістемелік құралы дайындық бөлімі тыңдаушыларының жоғары оқу орнына түсуі үшін кешенді тестілеуге және бейіндік пәндер бойынша қысқа мерзімде тиімді даярлануына арналған. Мұндай оқу-әдістемелік басылымдар дайындық бөлімі тыңдаушыларына қысқа мерзім ішінде білім деңгейін жүйелеп, ЖОО-ға түсі үшін сапалы дайындалуына мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде шетелдік студенттер санын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатпен үндеседі.
Атап айтсақ Foundation бөлімінің түлектері жыл сайын ҰБТ мен стипендиялық бағдарлама нәтижелері бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді: олардың 70 пайыздан астамы университетіміздің студенттері қатарына қабылданды. Foundation өз жұмысында шетелден келген талапкерлерге жоғары білім алуға қолжетімді жағдай жасап, шетелдік студенттер контингентін ұлғайту және шетелдегі қазақтарды қолдауға бағытталған талаптарды жүзеге асыруға жұмысын жалғастыруда.
