
ЕҰУ-да Жаңа Конституцияның Қазақстан халқының бірлігін нығайтудағы рөлі талқыланды













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы: этносаралық келісім мен ынтымақты нығайтудың стандарттары мен перспективалары» тақырыбында қоғамдық-ғылыми пікірталас алаңы өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ-мен бірлесіп, жалпыұлттық конституциялық реформалар аясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында Жаңа Конституцияның қоғамдық келісімді нығайтудағы және Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етудегі институционалдық маңызы жан-жақты талқыланды.
Панельдік сессия офлайн және онлайн форматта өтіп, оған ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР МАМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, ЕҰУ ғалымдары мен жас зерттеушілері, «Қоғамдық келісім» РММ өкілдері, шетелдік сарапшылар, «Шаңырақ» ҚХА кафедралары қауымдастығының мүшелері, өңірлердің «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері қатысты.
ЕҰУ әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы өз сөзінде Конституцияның қоғам дамуындағы стратегиялық маңызын атап өтті:
«Конституция – мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, оның саяси философиясының құндылықтық бағыттарын айқындайтын тарихи таңдаудың көрінісі. Ұсынылып отырған Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы жаңғырудың жаңа кезеңін айқындайтын стратегиялық құжат ретінде бағалануы тиіс. Бұл жоба тек құқықтық нормалардың жиынтығы емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа қоғамдық келісімнің институционалдық рәсімделуі. Конституция жобасының стратегиялық өзегі – білім, ғылым және инновацияға басымдық беру. Саяси ғылым тұрғысынан Конституция қоғамдық келісімнің символы саналады. Сондықтан оның қабылдану үдерісіндегі ашықтық пен азаматтардың қатысу деңгейі ерекше маңызға ие», – деді проректор.
ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов этносаралық келісімнің мемлекет тұрақтылығындағы рөліне тоқталды:
«Қазақстанда этносаралық келісім – тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан кез келген конституциялық өзгеріс азаматтардың бірлігін нығайтуға, қоғамдық келісімді қолдауға және ықтимал жанжалдардың алдын алуға бағытталған тиімді тетіктерді қамтуы тиіс. Ұлтаралық және дінаралық келісімнің мемлекеттіліктің негізі ретінде айқындалуы – Қазақстанның көпэтносты қоғам ретіндегі саяси тәжірибесінің жалғасы», - деп атап өтті вице-министр.
Іс-шараның маңызын Қазақстанның барлық өңірлерінен келген «Ассамблея жастары» өкілдерінің қатысуы арттырды. Жастар белсенділері Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері төңірегінде өз ой-пікірлерін білдіріп, ашық талқылауға қатысты.
Бағдарламаның негізгі бөлігі жас зерттеушілердің форсайт-сессиясына арналды. Сессия барысында этносаясат, қоғамдық келісімді нығайту мәселелері, сондай-ақ Жаңа Конституция нормаларын іске асырудың әлеуметтік және саяси аспектілері қарастырылды.
Пікірталас аясында Алғыс айту күніне орай дайындалған «Этносаяси тұрақтылық, қоғамдық оптимизмді нығайту, тарихи жадыны сақтау: институционалдық өңірлік модельдер» атты ғылыми жинақтың тұсаукесері өтті.
Іс-шара соңында ғылыми жинақ авторларына басылымның арнайы даналары табысталды.
