
ЕҰУ-да өткен Ашық есік күні Қазақстан мектептерінің түлектерін жинады
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен Ашық есік күні елордалық мектептер мен Қазақстанның өңірлерінен келген мектеп бітіруші түлекті жинады.
Болашақ талапкерлер университеттің білім беру бағдарламаларымен, 2026 жылғы қабылдау ережелерімен және халықаралық білім алу мүмкіндіктерімен танысты.
Қонақтарды ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова, ЕҰУ-дың қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, кәсіби бағдар беру бөлімінің басшысы Ләззат Егеубаева, сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қарсы алды.
«Мамандық таңдау – болашақ кәсіби жолдағы маңызды қадам. Сондықтан сіздерге дұрыс таңдау жасауларыңызды тілейміз. Еуразия ұлттық университеті QS World University Rankings нұсқасы бойынша әлемнің үздік 300 университетінің қатарына кіреді. Әлемдегі 3000 университеттің арасынан жоғары нәтижеге қол жеткізу – үлкен жетістік. Бұл – оқытушылар мен студенттердің еңбегінің нәтижесі. Еуразия ұлттық университеті 30 жыл бойы Қазақстанда және шетелде сұранысқа ие жоғары білікті мамандар даярлап келеді. ЕҰУ студенттерге Еуропа, Азия және АҚШ-тың жетекші университеттерінде академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы қосымша білім алуға мүмкіндік береді. Сіздерді Еуразия ұлттық университетінің студенттері қатарынан көріп, кәсіби жетістікке жету жолында қолдау көрсетуге қуаныштымыз», - деді Ардақ Бейсенбай.
2026 жылға арналған Бірыңғай ұлттық тестілеу бойынша өзекті түсіндірмелерді Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова айтып берді.
Еуразия ұлттық университетіне оқуға қабылдау ережелерімен мектеп оқушыларын Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ләззат Егеубаева таныстырды.
«Еуразия ұлттық университеті 8 бағыт бойынша, оның ішінде 274 білім беру бағдарламасы аясында мамандар даярлайды. Олардың ішінде 93 бакалавриат, 120 магистратура, 61 докторантура бағдарламасы бар. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде ЕҰУ студенттері 170 елдің жоғары оқу орындарында білім ала алады. Сонымен қатар, студенттер 30-ға жуық ғылыми институттар мен зертханаларда ғылыми зерттеулер жүргізеді. Біз студент өз әлеуетін ашып, кәсіби дамудың жеке траекториясын таба алатын орта қалыптастырамыз»,-деп қорытындылады Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы.
ЕҰУ Старосталар кеңесінің төрайымы, Физика-техникалық ғылымдар институтының студенті Айдана Әдібай студенттік өмір, оқу ерекшеліктері туралы айтып, жеке тәжірибесімен бөлісті.
Талапкерлер жасанды интеллект пен робототехника саласындағы инновациялық жобалар көрмесін тамашалап, зертханалар мен оқу аудиторияларын аралады, сондай-ақ университет мұражайларында болды.
«Мен ЕҰУ-ға журналистика мамандығына түсуді жоспарлап отырмын. Бұл университетті таңдаудағы себебім – заманауи білім беру ортасы, жоғары білікті оқытушылар және инновациялық оқу бағдарламалары. Жаңа технологиялар қолданылады, бұл оқу үдерісін қызықты әрі тиімді етеді. Ашық есік күні өте ұнады – көп жаңа ақпарат алдым», - деп бөлісті әсерімен мектеп оқушысы Ақнұр Қыдырбай.
Ашық есік күні университет пен болашақ талапкерлер арасындағы ашық диалог алаңына айналып, ЕҰУ-дың елдегі жетекші білім беру орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
