
ЕҰУ-дың 30 жылдығына - 1000 емен: тұрақты болашаққа нақты қадам











Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Омбудсмен Нэля Шапекованың бастамасымен «Подари Земле Сад» экологиялық бағдарламасына арналған семинар-тренинг өтті. Жоба елорданың білім беру мекемелерін тұрақты дамуға практикалық үлес идеясы төңірегінде біріктірді.
Кездесулер Esil University, Астана Медицинский университет, Astana International University, «Зерделі» жеке мектебі және ЕҰУ-дың Жоғары колледжінде өтті. Нәтижесінде арнайы құмыраларға 1000 емен жаңғағы отырғызылды. Көктемде жас көшеттер аталған оқу орындарының аумақтарына егілетін болады.
Іс-шара тақырыбы жаһандық климаттың өзгеруі, топырақтың тозуы, шөлейттену және қалаларға түсетін экологиялық жүктеменің артуы жағдайында ерекше өзекті. Бүгінде көгалдандыру – тек абаттандыру емес, экологиялық қауіпсіздік пен қоғамдық денсаулықтың, аумақтардың тұрақты дамуының маңызды бөлігі. Бағдарлама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен, соның ішінде климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл, құрлық экожүйелерін сақтау және тұрақты қалаларды қалыптастыру бағыттарымен үндеседі. Жасыл аймақтар көміртек ізін азайтып, ауа сапасын жақсартады әрі өмір сүруге қолайлы орта қалыптастырады.
Бағдарлама авторы, «Подари Земле Сад» қорының төрағасы және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы эко-амбассадор Юрий Гашек экологиялық бастамалардың өңірдің стратегиялық дамуына және жаһандық экологиялық күн тәртібіне қалай ықпал ете алатынын көрсетті.
Нэля Шапекова өз сөзінде экологиялық мәдениеттің ұлт денсаулығы үшін маңызын атап өтіп, қоршаған орта жағдайы мен халықтың өмір сапасы арасындағы тікелей байланысты ерекше айтты.
Семинар-тренинг тұрақты дамудың нақты іс-әрекеттерден басталатынын көрсетті. Отырғызылған емендер университет мерейтойының символына ғана емес, өңірдің экологиялық болашағына қосылған нақты үлеске айналады.
