
ЕҰУ cаясаттану кафедрасының ғалымдары ұлттық бірегейлік тақырыбы бойынша Омбы қаласында ғылыми кездесулер өткізді



Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінің саясаттану кафедрасының қауымдастырылған профессорлары Теңгеш Каленова мен Гаухар Абдрахманова бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында жүзеге асырылып жатқан BR28713029 «Қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерттеу: рухани мәдениетті өзгерту және қайта құру» тақырыбындағы ғылыми жоба шеңберінде Ресей Федерациясының Омбы қаласында ғылыми іссапарда болды.
Аталған іссапар Д.С. Лихачев атындағы Ресей мәдени және табиғи мұра ғылыми-зерттеу институтының Сібір бөлімшесі шақыртуымен ұйымдастырылды және жоба міндеттерін іске асыруға бағытталды.
Іссапар барысында институттың ғылыми қызметкерлерімен бірлескен зерттеу консультациялары өткізіліп, ұлттық бірегейлік, халық шығармашылығының әлеуметтік әлеуеті, рухани мәдени трансформация мәселелері бойынша ғылыми пікір алмасу жүргізілді. Сонымен қатар, ғылыми байланыстарды кеңейту мақсатында өңірлік ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдерімен жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, Ф. М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде ашылған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының профессор-оқытушы құрамымен және білімалушыларымен кездесу өткізілді. Омбыдағы ҚазҰУ филиалы - 2024 жылдың қарашасында Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен ашылған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ресми өкілдігі.
Ресейде тұңғыш рет іске қосылған қазақстандық жоғары оқу орнының филиалы жастарды заманауи талаптар мен өзекті бағыттарға сәйкес әзірленген бағдарламалар бойынша білім алуға мүмкіндік береді. Яғни мұнда «Халықаралық құқық», «Филология», «Кеден ісі» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. Бұған қосымша тәжірибесі мол қазақстандық және ресейлік оқытушы-профессорлар, білікті ғалымдар дәріс береді. Оқу үдерісі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Төрт жылдық оқуын тамамдаған соң түлектерге халықаралық стандарттарға сәйкес келетін диплом беріледі.
Жоба жетекшісі, қауымдастырылған профессор Теңгеш Каленова мен бас ғылыми қызметкер, қауымдастырылған профессор Гаухар Абдрахманова іссапар барысында «Омбы қазақтары» ұйымы ұжымымен кездесіп, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқарды.
«Омбы қазақтары» ұйымы 2008 жылы құрылып, 2014 жылы Әділет министрлігінде аймақтық қоғамдық ұйым ретінде ресми тіркелді. Осы уақыт аралығында ұйым Омбы өңірінде ұлтаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау және нығайту, қазақ мәдениетін насихаттау, халықтық дәстүрлерді сақтау және көпұлтты ресейлік қоғам құндылықтары негізінде жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында табысты жұмыс атқарып келеді.
2014 жылдан бастап ұйым «Омбы қазақтары» атты ай сайынғы мәдени-ағартушылық газетін шығарып келеді. Басылым Омбы облысының 21 ауданы тұрғындарына жазылу арқылы таратылады. Газетте Ресейдегі қазақ қауымдастығы мен Қазақстан Республикасында болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат жарияланады.
Ұйым құрамында шығармашылық ұжымдар жұмыс істейді: «Тұран» би театры, «Арай» балалар вокалдық студиясы, «Ақ сәулем» ересектер вокалдық тобы, «Мирас» домбыра студиясы. «Тұран» би театры 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап жұмыс істейді. Би ұжымы өңірлік және қалалық іс-шаралардың тұрақты қатысушылары болып табылады, көптеген грамоталар мен алғыс хаттарға ие, Омбы, Тюмень, Новосібір, Анапа, Павлодар, Бурабай, Астана (Қазақстан) қалаларында өткен халықаралық шығармашылық байқаулардың лауреаттары атанды. Вокалдық топтар мен домбыра студиясы балалар мен ересектерге қазақтың дәстүрлі және эстрадалық вокалын, дәстүрлі домбырамен ән айтуды және ұлттық аспапта ойнауды үйретеді. Олар 2022 жылдың күзінен бастап жұмыс істейді.
2015 жылдан бері бізде «Ана тілі» қазақ тілі әуесқойлары клубы жұмыс істейді. Ынтымақтастық аясында 2017 жылы Павлодар облысының Тілдерді дамыту департаментінің күшімен Омбыда 50 адамға арналған тегін курстар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда төрт алаңда қазақ тілі курстары жұмыс істейді, айына бір рет сөйлесу кездесулері өткізіледі және онлайн курстар ашу жоспарлануда. Қазақ тілін оқыту бағытындағы қызмет шеңберінде өңір мектептерінде ана тілін ілгерілету мақсатында қазақ тілі мұғалімдерінің жұмыс тобы құрылды. Бүгінгі таңда Омбы облысының бес муниципалдық ауданында қазақ тілі орталықтары жұмыс істейді және жергілікті мектептерде ана тілі пән ретінде оқытылады. Ұйымның белсенді жұмысының арқасында Омбы қаласының №100 және №130 орта мектептерінде де қазақ тілін оқыту басталды.
Ұйым аясында «Ойнатека» отбасылық үстел ойындары алаңы жұмыс істейді, онда кез келген адам әлемнің әртүрлі елдерінің үстел ойындарын, соның ішінде қазақтың дәстүрлі ойындарын ойнай алады.
Ұйым қызметінің негізгі бағыттарының бірі – Омбыда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызы бар жобаларға белсенді жастарды тарту. Бұл – моноұлттық және ұлтаралық, отбасылық және жастар жобалары, деңгейі бойынша қалалық, өңірлік және өңіраралық жобалар.
2015 жылдан бастап жыл сайын «Омбы қазақтары» Омбы өңірлік қоғамдық ұйымы «Тамаша» ұйымымен бірлесіп, Сібір өңіріндегі ұлтаралық қатынастарды дамыту мен үйлестіруге бағытталған «Мәдени калейдоскоп» Сібір фестивалін өткізіп келеді.
2018 жылдың мамыр айында «Омбы қазақтары» Омбы өңірлік қоғамдық ұйымының Басқарма төрағасы қызметіне Елеутаев Қуаныш тағайындалды. 2018 жылдың желтоқсан айында Қуаныш Жолдасбекұлына Омбы облысының дамуына қосқан үлесі үшін медаль табысталды.
