
ЕҰУ-да «Түркология» оқу бағдарламасының жаңартылуы талқыланды











Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Түркітану» даярлау бағыты бойынша РОӘК ОӘБ Жобаларды басқару тобының кезекті мәжілісі өтті. Отырысты Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор, РОӘК ОӘБ төрағасының орынбасары Ардақ Бейсенбай жүргізді. Мәжіліске жобаларды басқару тобының мүшелері, ғалымдар тобы қатысып, «Түркітану» білім беру бағдарламасының сапасын арттыру, мазмұнын жетілдіру, еңбек нарығы талаптарына бейімдеу және кәсіптік практиканы ұйымдастырудың тиімді тетіктерін әзірлеу мәселелері талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша баяндама оқыған PhD, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті Шолпан Кудьярова Таубайқызы білім беру бағдарламаларын мониторингілеудің маңыздылығына тоқталып, БББ мазмұнын білім алушылар мен стейкхолдерлердің ұсыныстары негізінде жүйелі түрде жетілдіру қажеттігін атап өтті. Баяндамашы бағдарламаның сапасын арттыруда академиялық қауымдастық, жұмыс берушілер және білім алушылар арасындағы кері байланысты күшейту негізгі тетіктердің бірі екендігін көрсетті.
Екінші мәселе бойынша PhD, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға оқытушысы Кутлукжон Султанбек «Түркітану» білім беру бағдарламасын еңбек нарығы қажеттіліктеріне бейімдеуге бағытталған оқытудың жаңа технологиялары мен кәсіби маман даярлаудың инновациялық моделін ұсынды. Баяндамада заманауи білім беру технологияларын енгізу, құзыреттілікке негізделген оқыту және түлек моделін жетілдіру мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Үшінші мәселе бойынша Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркі филологиясы кафедрасының доценті Ержан Өмірбаев кәсіптік практиканы ұйымдастырудың тиімді тетіктері мен білім алушылардың практикадан өту нәтижелерін білім беру үдерісінде пайдалану жолдары туралы баяндады. Ол практика нәтижелерін дипломдық жұмыс жазу және жоба қорғау барысында қолданудың практикалық маңызын атап өтті.
Мазмұнды отырыста аталған баяндамалардан соң секция жетекшісі Жадыра Айдарбекова, секция мүшесі Раушан Авакова, Сатай Сыздыков, Гүлзат Раева сұрақ қойып, өз пікірлерін ортаға слады. Мәжіліс қорытындысы бойынша «Түркітану» білім беру бағдарламасының сапасын арттыру, ұсынылған инновациялық модельді «Түлек моделін» әзірлеуде ескеру, БББ-ны сараптау бойынша жұмыс тобын құру және кәсіптік практиканы ұйымдастыру тетіктерін жетілдіру бағытында нақты шешімдер қабылданды.
