
2025–2026 оқу жылының 2-семестрінде «Құрылыс» кафедрасында өткізілген ашық сабақтар туралы

Бекітілген ашық сабақтар өткізу кестесіне сәйкес, 2026 жылғы 13 ақпанда Сәулет-құрылыс факультетінің «Құрылыс» кафедрасында B074-7329-24-01 және B074-7329-24-03 топтарында доцент Турашев Ақжайық Сейтқожанович «Өндірістік және құрастырмалы ғимараттарды жобалау» пәні бойынша «Металл (темір) қаңқалы өнеркәсіптік ғимараттардың конструкциялық шешімдері» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Сабақтың мақсаты студенттердің металл қаңқалы өнеркәсіптік ғимараттарды жобалау және конструкциялау қағидалары жөніндегі жүйелі білімдерін қалыптастыру, сондай-ақ типтік арқалық элементтерді жобалау ерекшеліктерін меңгерту болды.
Сабақ барысында студенттер металл қаңқалардың негізгі құрылымдық сұлбаларын, колонналар, ригельдер, фермалар мен арқалық элементтердің кеңістіктік жүйедегі жұмыс істеу ерекшеліктерін қарастырды. Қималарды таңдау, конструкциялардың қаттылығы мен орнықтылығын қамтамасыз ету, түйіндік қосылыстарды жобалау және қолданыстағы нормативтік талаптарды сақтау мәселелері талданды. Студенттер жобалық шешімдерді талқылауға белсенді қатысып, практикалық мысалдарды саралады.
Сабақ теориялық материалды презентациялық сүйемелдеумен түсіндіруді, нақты объектілердің конструкциялық сұлбаларын талдауды, типтік жобалық шешімдерді қарастыруды және кәсіби талқылауды қамтыды.
