
ЕҰУ-да Халықаралық әйелдер күніне арналған «Көктем сезім» концерті өтті













8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында «Көктем сезім» атты ерекше мерекелік кеш өтті. Аналар мен арулар мерекесіне арналған концерттік бағдарламада Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбай ән шашу шашып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекелік кешке Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бастаған проректорлар, сала қызметкерлері, профессор-оқытушылар мен білім алушылар қатысты.
Кеш шымылдығы қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әнімен түрілді. Әнші қазақ эстрадасының алтын қорына енген туындыларды нақышына келтіре орындап, залдағы тыңдарманды бірден баурап алды.
Концерт барысында анаға, әйелге, қыз-келіншекке деген құрмет пен махаббатты арқау еткен лирикалық әндер шырқалып, көрермен ерекше әсерге бөленді. Әсіресе, Естай Беркімбаевтың «Құсни Қорлан» әні залды толтырған қауымды тебірентті.
Көрермен әншіге зор қошемет көрсетіп, ыстық ықыласын білдірді. Гүл шоқтары табысталып, ұзақ қол шапалақтау кештің сәтті өткенін аңғартты.
Мерекелік концерт университет қабырғасындағы 8 наурыз мейрамының мазмұнын байытып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.
Сонымен қатар, кеш барысында қазақ, орыс композиторларының туындылары және шетелдік классика мен романстар орындалды. Ән өнерінің корифейі – Кенжеғали Мыржықбай қазақтың ғажап композиторлары Ахмет Жұбанов, Сыдық Мұхамеджанов, Әбілахат Еспаевтың жүрекке жылы тиетін туындыларын да үйлестіре орындап, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Шетел әндерінің орындалуы концерттің мазмұнын байытып, жиналған қауымға тың серпін мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекелік кештен ерекше әсер алған көрермендер әншіге шынайы ризашылықтарын білдіріп, жылы лебіздерін арнады. Әсем әндер мен жүрекке жеткен орындаулар үшін алғыс айтып, сахна иесіне гүл шоқтарын ұсынып, ұзақ қол соқты. Көпшілік бұл кештің 8 наурыз мерекесіне тамаша тарту болғанын атап өтті.
Құрметті қонақтардың қатарында жуырда ғана 80 жас мерейтойын атап өткен ақын Серік Тұрғынбек те болды. Ол өнер иесіне қолтаңбасын жазып, өз кітабын сыйға тартты.
Ардагер журналист Ғалия Балтабаева өз әсерімен бөлісіп, мұндай кездесулердің жастардың рухани дамуына ықпал етіп, олардың үйлесімді тұлға болып қалыптасуына жол ашатынын атап өтті. Ол мұны Абай айтқан «толық адам» тұжырымымен байланыстырды.
Айта кетерлігі, мерекелік кеш Шәмшінің «Кешікпей келем деп ең» әнімен басталып, композитордың «Әнім сен едің» әнімен қорытындыланды. Бұл концерттің тұтастығын айқындап, кешке ерекше рухани реңк берді.
