
ЕҰУ-да өңірлік басымдықтар мен жаһандық бастамалар талқыланды













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан және Біріккен Ұлттар Ұйымы: өңірлік көшбасшылық және жаһандық бастамалар» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараны халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі, PhD Роза Ақшалова ашты. Кездесуге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің өкілдері қатысты.
Кездесудің басында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі студенттер үшін БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметіне арналған Kahoot платформасында интерактивті викторина ұйымдастырды. Ең белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов Қазақстанның БҰҰ алаңындағы басымдықтары туралы баяндады. БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің басшысы Куртмолла Абдулганиев тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік туралы баяндама жасады.
ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саясатты зерттеу институтының бас сарапшысы Сергей Савельев Қазақстанның өңірлік рөліне тоқталды, ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (ПРООН) Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжахметов елдегі Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілету туралы айтты.
