
ЕҰУ мен София университеті ынтымақтастықты нығайтады
Бүгінгі таңда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті академиялық ұтқырлық және бірлескен білім беру бағдарламалары, шетелдік мамандарды тарту шеңберінде Болгарияның 6 университетімен ынтымақтастық жүргізеді. Бұл туралы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов ЕҰУ-ға жұмыс сапарымен келген Әулие Климент Охрид атындағы София университетінің делегациясымен кездесу барысында айтты.
Қонақтар «Күлтегін» атриумына, «Жазу тарихы» мен «Гумилев» мұражайына, ҚХА кафедрасы және Құрметті профессорлар аллеясына барды.
Ерлан Сыдықов болгарлық әріптестерін құттықтай отырып, оларға ЕҰУ-дың жетістіктері туралы айтып берді және 2023 жылдың қорытындысында университет QS нұсқасы бойынша Азияның үздік 100 жоғары оқу орнының қатарына кіретінін жеткізді.
ЕҰУ 248-ден астам білім беру бағдарламалары бойынша бакалаврларды, магистрлерді және PhD докторларын даярлайды. ЖОО-да 20 мыңға жуық студент, оның ішінде 1500-ден астам шетел азаматтары оқиды, 13 факультет пен 31 ғылыми орталық бар.
Университет ғылыми-білім беру жобаларын іске асыруда 500-ге жуық шетелдік әріптестермен белсенді ынтымақтасады.
«2022 жылы біздің ЕҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді және біз қазір университеттің ғылыми әлеуетін белсенді түрде арттырып жатырмыз. Бұл бағытта екі университеттің ғалымдары ғылыми ынтымақтастықты жүзеге асыра алады. Халықаралық ынтымақтастық және кадрлар даярлау саласындағы әріптестік елдеріміз арасындағы екіжақты қарым - қатынастарды дамытуға жаңа серпін береді және біз өзара тиімді әріптестік үшін барлық күш-жігерімізді саламыз», - деп атап өтті ЕҰУ ректоры Еран Сыдықов, сонымен қатар 2021 жылдың сәуір айында Әулие Климент Охрид атындағы София университетімен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылғанын атап өтті.
Осы келісім шеңберінде академиялық ұтқырлық бағдарламалары іске асырылады, магистранттар мен София университетінің профессорлары тағылымдамадан өтеді, университет докторанттарына кеңес береді.
Кездесу барысында тараптар түрлі бағыттардағы тығыз ынтымақтастыққа өзара қызығушылық танытты.
София университетінің ректоры Анастас Герджиков та құттықтау сөз сөйледі. Оның айтуынша, 1888 жылы құрылған Болгариядағы ең көне және беделді университет бүгінде Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы жетекші университеттердің бірі болып табылады. Университетте ғылым мен өнердің негізгі бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларының кең спектрі ұсынылған. София университеті өкілдерінің айтуынша, жоғары оқу орнының филология факультетінде түркітану кафедрасы жұмыс істейді, қазақ тілі оқытылады, осыған байланысты білікті мамандардың көмегі қажет.
Айта кетейік, ЕҰУ Болгарияның 6 университетімен ынтымақтастықта: Әулие Климент Охрид атындағы София университеті, Кітапханатану және ақпараттық технологиялар университеті, Әулие Кирилл мен Мефодий Великотырновск университеті, Варна менеджмент университеті, Д.А. Ценов атындағы экономикалық академия, В.Левски атындағы ұлттық спорт академиясы.
Әулие Климент Охрид атындағы София университетінің үш профессоры – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанттарының шетелдік ғылыми кеңесшілері.
