
«Премьера Home» әрлеу материалдары салонында өткен шеберлік сабағы

17 ақпанда 6В02121 – «Сәулеттік дизайн» білім беру бағдарламасы аясында оқытылатын «Дизайндағы заманауи материалдар» пәні бойынша «Дизайн және инженерлік графика» кафедрасының 3 курс студенттері «Premiera Home» әрлеу материалдары салонының базасында көшпелі практикалық сабаққа қатысты.
Көшпелі сабақ «Дизайн және инженерлік графика» кафедрасының аға оқытушысы Т.А. Абдрашитованың ұйымдастыруымен өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің әрлеудің таза (фиништік) материалдары мен заманауи декоративті панельдер тақырыбы бойынша білімдерін тереңдету.
Практикалық сабақ «Premiera Home» әрлеу материалдары салонында (Астана қаласы, Ж. Нәжімеденов көшесі, 12) өткізілді. Аталған салон елордадағы интерьерді әрлеуге арналған заманауи шешімдерді ұсынатын жетекші жеткізушілердің бірі болып табылады.
«Қабырғаларды фиништік әрлеуге арналған заманауи материалдардың ерекшеліктері мен сипаттамалары» тақырыбындағы дәріс барысында салон мамандары студенттерге өнімдердің кең ассортиментін таныстырды. Олардың қатарында декоративті панельдер, заманауи қабырға жабындары, инновациялық әрлеу шешімдері және қосымша материалдар болды.
Дәріс барысында материалдардың техникалық сипаттамаларына, пайдалану қасиеттеріне, экологиялық қауіпсіздігіне, монтаждау тәсілдеріне, сондай-ақ тұрғын және қоғамдық интерьерлерде қолдану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Студенттер материал үлгілерімен жақын танысып қана қоймай, компания өкілдеріне кәсіби сұрақтар қойып, интерьерді әрлеу саласындағы өзекті тенденцияларды талқылап, нысандарды таңдау мен комплектациялау бойынша практикалық ұсыныстар алды.
Салалық ұйымдар базасында заманауи материалдарды зерттеу болашақ интерьер дизайнерлерін даярлаудың маңызды бөлігі болып табылады. Мұндай оқу форматы теориялық білімді практикамен ұштастыруға, нақты материал үлгілерін көруге, жеткізушілермен өзара жұмыс істеу ерекшеліктерін түсінуге және болашақ жобалық қызметке қажетті кәсіби дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Дизайн және инженерлік графика» кафедрасы «Premiera Home» салонының басшылығына студенттердің кәсіби қалыптасуына қосқан үлесі мен ынтымақтастығы үшін алғысын білдіреді. Сонымен қатар қызықты дәріс өткізген менеджер Мадинаға ерекше ризашылығын білдіреді.
