
6B05209 – География білім беру бағдарламасы студенттерінің педагогикалық практика бойынша есептері қорғалды





2026 жылғы 6 наурызда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасында «6B05209 – География» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері педагогикалық практика бойынша есептерін сәтті қорғады.
Есептерді қабылдау комиссиясының құрамында кафедра меңгерушісі Қ.М. Сагинов, қауымдастырылған профессор А.А. Жангужина, қауымдастырылған профессор А.Е. Егинбаева және аға оқытушы Е.Қ. Шұлғаубаев болды.
Педагогикалық практика білім беру үдерісінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ол оқу барысында алынған теориялық білімді бекітуге, білім беру ұйымдарының қызметімен танысуға, сондай-ақ болашақ мұғалімнің практикалық құзыреттері мен кәсіби дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Практика 2026 жылғы 19 қаңтар мен 28 ақпан аралығында академиялық күнтізбе мен ректордың №35-С бұйрығына сәйкес өтті.
Қорғау барысында студенттер Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде, Астана қаласындағы №22 мектеп-гимназиясында және Алматы қаласындағы №174 мектеп-гимназиясында өткен практика нәтижелерін таныстырды.
Студенттер практика кезеңінде меңгерген кәсіби дағдыларын, теориялық білімді тәжірибеде қолдану қабілетін көрсетті. Практика барысында олар 8–11 сыныптарда география пәнінен сабақ жоспарларын әзірлеп, сабақтар өткізді, сабақтарға талдау жасады және сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырды.
Комиссия студенттердің дайындық деңгейін, ұсынылған есептердің мазмұндылығын және практика қорытындылары бойынша негізделген тұжырымдар жасай алу қабілетін жоғары бағалады.
