
Welcome to ENU: шетелдік студенттермен дәстүрлі кездесу өтті







Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Welcome to ENU» академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдік студенттермен дәстүрлі кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту, университетке келген шетелдік студенттерді білім беру мүмкіндіктерімен таныстыру және мәдениетаралық байланыстарды нығайту.
«Welcome to ENU» бағдарламасы білім беру үдерісін интернационалдандыруға және халықаралық серіктестікті кеңейтуге бағытталған. Бағдарлама аясында шетелдік студенттер университетте тегін білім алып, оқу кезеңінде университет жатақханасында тегін тұру мүмкіндігіне ие болады.
ЕҰУ стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов шетелдік студенттерге сәттілік тілеп, университеттің білім беру мүмкіндіктеріне тоқталды.
«Білім алу үшін Еуразия ұлттық университетін таңдағандарыңызға алғыс білдіреміз. Біздің университет – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі. ЕҰУ-да сіздер сапалы білім алып қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, өздеріңізді жан-жақты дамыта аласыздар. Университетіміздің «Біз алмайтын асу жоқ» деген ұраны бар. Мен сіздердің де осы ұстанымды өмірлік қағидаға айналдырып, алға қойған мақсаттарыңызға сеніммен жетулеріңізге тілектеспін», - деді проректор.
2025–2026 оқу жылының көктемгі семестрінде аталған бағдарлама бойынша университетке 184 шетелдік студент келді. Қазіргі уақытта университет қабырғасында әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер білім алуда. Олардың қатарында АҚШ, Франция, Польша, Литва, Вьетнам, Венгрия, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінің жастары бар.
Бағдарлама университеттің шетелдік жоғары оқу орындарымен орнатқан кең халықаралық серіктестік арқасында жүзеге асырылуда. Олардың қатарында University of Arizona, University Bordeaux Montaigne, Université Jean Moulin Lyon 3, University of Szeged, University of Gdańsk, Minzu University of China, Shanghai International Studies University, Gyeongsang National University, Hanoi Law University және басқа да университеттер бар.
Сонымен қатар жақын шетелдегі жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, Ресей халықтар достығы университеті, Қазан федералдық университеті, Солтүстік-Батыс басқару институты (СЗИУ РАНХиГС), Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университеті, Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті, К. Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университеті, Ош мемлекеттік университеті, Ташкент мемлекеттік заң университеті, Тәжік ұлттық университеті, Тәжік мемлекеттік құқық, бизнес және саясат университеті және басқа да оқу орындары бар.
Бағдарлама бойынша келген шетелдік студенттер университеттің түрлі білім беру бағдарламалары бойынша білім алуда. Ең көп сұранысқа ие бағыттардың қатарында орыс тілі мен әдебиеті, халықаралық қатынастар, халықаралық құқық, қазақ филологиясы, ақпараттық технологиялар, журналистика, шет тілі мұғалімдерін даярлау, тарих және экономика мамандықтары бар.
Шара соңында қатысушылар бір-бірімен тәжірибе бөлісіп, туындаған сұрақтарына жауап алды.
