
«GIS Technology» студенттік ғылыми үйірмесі аясында дипломдық жобада карталарға қойылатын талаптар бойынша әдістемелік кеңес өтті









2026 жылғы 12 наурызда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасында «GIS Technology» студенттік ғылыми үйірмесінің 2025–2026 оқу жылына арналған жұмыс жоспары аясында «6B05209 – География» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттеріне арналған әдістемелік кеңес өтті.
Іс-шара барысында бітіруші курс студенттеріне дипломдық жобаларда қолданылатын карталарға қойылатын негізгі талаптар жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, картографиялық материалдардың мазмұны, құрылымы, рәсімделуі, масштабы, шартты белгілері, атаулары және оларды ғылыми жұмысқа енгізу тәртібі бойынша әдістемелік түсіндірмелер берілді.
Сонымен қатар студенттерге дипломдық жұмыстарда карталарды дұрыс әзірлеу, ғылыми талаптарға сай рәсімдеу және геоақпараттық әдістерді тиімді пайдалану жөнінде нақты ұсыныстар айтылды. Кеңес барысында білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, дипломдық жобаны әзірлеуге байланысты практикалық бағыт-бағдар алды.
Аталған іс-шара студенттердің ғылыми-зерттеу дағдыларын жетілдіруге, картографиялық материалдармен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға және дипломдық жұмыстың сапасын арттыруға бағытталды.
