
«Тарихи-демографияның өзекті мәселелелері» тақырыбында ғылыми семинар

Тарих факультетінде Қазақстан тарихы кафедрасының ұжымы ұйымдастыруымен «Тарихи-демографияның өзекті мәселелелері» тақырыбында ғылыми семинар өтті.
2026 жылдың 5-наурызында өткізілген ғылыми семинарға Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушылары мен профессорлары, атап айтқанда, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Қ.О. Сейітказина, т.ғ.д., профессор Г.Т. Мусабалина, т.ғ.д., профессор А.С. Мұсағалиева, т.ғ.д., профессор З.О. Дүкенбаева З.О., т.ғ.д., профессор М.А. Алпысбес, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Қ.А. Еңсенов Қ.А., Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы М.Ф. Абдуразаков және Тарих факультетінің студенттері мен магистранттары қатысты.
Осы аталған ғылыми семинарда Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов «Тарихи-демографияның өзекті мәселелері» бойынша арнайы баяндама жасады. Онда негізінен екі негізгі мәселеге тоқталды. Бірінші, Кеңес Одағы кезеңіндегі 1928-1929 жылдардағы ұжымдастыру мен тәркілеу салдарынан қалыптасқан 1931-1933 жылғы ашаршылықтың Қазақстан халқының демографиялық құрылымына әсер етуі туралы айтылды. Мәселен, 1926-1939 жылдардағы халық санақтары арасында орын алған деморграфиялық апат салдарынан Қазақстан халқы жартысына жуық тұрғындарынан айырылған екен. Ол туралы статистикалық және архив деректеріне сүйенген тарихшы ғалымдарды зерттеулері туралы әңгіме қозғалды. Тарихшы, ғалым Қанат Еңсеновтың өзі 2008 жылы ұстазы академик М.Х. Асылбековпен бірге Мәскеуге арнайы іссапарға барғандығы, онда 1937-1939 жылдардағы халық санақтарының материалдарынан 2142 парақ дерек Қазақстанға жеткізіліп, нәтижесінде «1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағы» деп аталатын еңбектің жарық көргендігін атап өтті. Одан кейін автор өз зерттеуі бойынша 2018 жылы «Қазақстандағы көші-қон және демографиялық ахуал» аттың еңбегінің жарық көргендігі, онда ашаршылықтан ауа көшу, эвакуация, депортация, арнайы қоныс аударылғандар, тың игеруге жіберілгендер және Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға көшіп келгендер туралы зерттеулер жасалғандығын атап көрсетті. Одан кейінгі көтерілген екінші мәселе «Тәуелсіз Қазақстан халқының этнодемографиялық дамуы (1989-2021 жж.)» тақырыбында да әңгіме қозғалды. Бұл кезеңде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алған тұста 42 % пайыз ғана жергілікті қазақ халқының күрделі демографиялық жағдайының қалыптасқандығы айтылды. Оған дәлел 1989, 1999, 2009 және 2021 жылдардағы Қазақстан халқының санағы материалдарын бір-бірімен салыстырмалы талдау арқылы халықтың ұлттық құрамы мен сандық өзгерістер аталды. Осы аталған Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуы туралы зерттеулер елімізде ҚР ҰҒА академигі М.Х.Асылбековтің бастауымен тарихи-демография саласында жүзеге асырылып келе жатқандығы, онда облыстар мен аймақтар бойынша бірқатар зерттеулер жасалғандығы да аталды. Бірақ, әлі де зерттейтін тарихтың «ақтаңдақ» кезеңдері бар екендігі айтылды. Қорытындылай айтқанда, болашақта Қазақстан Республикасында тарихи-демография мәселесі әлі де зерттеле түсуі керек. Ол үшін ғалымдар ізденістерін жалғастырып, статистикалық материалдар мен архив деректерін қарастыруы қажет. Одан кейін студенттер, магистранттар және докторанттарға дипломдық, диссертациялық тақырыптар берілуі тиіс. Сонда келешекте бұл сала бойынша зерттеулер өз жалғасын табады деп ойлаймыз.

