
ЕҰУ профессоры Асқар Жүсіпбеков АҚШ-та өткен халықаралық геотехникалық форумдарда Қазақстанды таныстырды











Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Асқар Жүсіпбеков 2026 жылғы 3–7 наурыз аралығында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен әлемдегі ең ірі салалық көрмелердің бірі - ConExpo халықаралық көрмесіне қатысты.
Форум барысында құрылыс техникасының озық үлгілері, заманауи жабдықтар және геотехникалық зертханаларға арналған инновациялық шешімдер таныстырылды. Көрмеге әлемнің 140 елінен 140 мыңнан астам маман қатысты.
Көрме аясында ЕҰУ профессоры Асқар Жүсіпбеков әлемдік жетекші компаниялардың павильондарын аралады. Олардың қатарында Junttan (Финляндия), Soilmec (Италия), MAIT (Италия) және Қазақстандағы геологиялық жағдайларға ұқсас күрделі топырақ жағдайларында қадалы іргетастарды орнатуға арналған арнайы жабдықтар өндіретін басқа да компаниялар бар.
Сондай-ақ Асқар Жүсіпбеков 2026 жылғы 8–12 наурыз аралығында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен GeoCongress аясында International Activity Committee (IAC) отырысында американдық ғалым-профессорлармен геотехника саласындағы ынтымақтастықты дамыту тәжірибесі туралы баяндама жасады.
Конгресс барысында ЕҰУ профессоры Studio Prof. Marchetti (Италия) зертханасында болып, сейсмикалық аймақтардағы зерттеулерде қолданылатын дилатометрдің жұмысымен танысты. Бұл технологияны Қазақстан жағдайында қолдану ерекше қызығушылық тудырады. Конгресс жұмысына әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 2000 маман қатысты.
Сонымен қатар Асқар Жүсіпбеков АҚШ-тың жетекші университеттерінің шақырылған профессорларымен кездесулер өткізіп, 2026–2027 жылдарға арналған Еуразия ұлттық университетінің бірлескен сапарлары мен ғылыми іс-шараларының жоспарын талқылады.
Іссапар аясында қазақстандық ғалым Нью-Йорк қаласындағы Columbia University геотехникалық зертханасына да барып, ЕҰУ-дің шақырылған лекторлары - Columbia University профессоры Hoe Ling және University of Delaware профессоры Victor Kaliakin-мен кездесті. Тараптар TC 305 шеберлік семинарын ұйымдастыру мәселесін талқылады. Бұл воркшоп мегаполистер мен жаңа астаналардың геотехникалық инфрақұрылымына арналған және 2027 жылы Филадельфияда өтетін GeoCongress аясында University of Delaware университетімен бірлесіп өткізу жоспарлануда.
Кездесулердің қорытындысында профессор Асқар Жүсіпбеков америкалық әріптестерін 2026 жылдың шілде айында ЕҰУ-дің 30 жылдығына орай өтетін Үшінші Қазақстан–Қытай–Жапония геотехникалық воркшопына қатысуға шақырды.
