
Қош келдің, әз Наурыз!

2026 жылы 16 наурызда практикалық қазақ тілі кафедрасының аға оқытушылары - «Қазақ тілі» клубының жетекшілері Д.С.Ілиясова мен С.Қ.Бердібаев «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекелік тәрбие шарасын өткізді. Іс-шараға 1-курс білім алушыларымен қоса шетелдік студенттер қатысты. Шараның басты мақсаты студенттерге қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлері мен мәдени мұрасын насихаттау, сондай-ақ Наурыз мерекесінің тарихи және рухани мәнін кеңінен таныстыру болды.
Мерекелік шараны практикалық қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., проф. Қ.С.Құлманов құттықтау сөзбен ашып берді.
Одан соң ШТ-04 тобының студенттері Рахимова Камиля мен Мұса Тахмина Наурыз мерекесін түркі халықтары қалай тойлайтынына тоқталып, баяндама жасады. Тұрсынбек Аяужан саз сырнаймен «Балапан Қаз» әнін орындап, көрермендерді тәнті етті. Шара барысы наурызға байланысты ақпараттарға толы «Ойлан, тап» интерактивті ойынына ұласты. Мерекені Пгс-12 тобының студенті Жексенбай Димаш «Әлқисса» күйімен жалғастырып, қошаметке бөленді.
Сонымен қатар студенттерге өздерінің мерекелік тілектерін кесе пішінге жазып, смарт тақтада көрсетілген дастарқанға орналастырды.
Шара соңы Усенов Бексұлтанның қатысушыларға бата беріп, тәттіден шашуымен, Бота Бейсенованың «Құтты болсын, Әз-Наурыз!» әнін барлығы қосылып орындауымен аяқталды.
Тәрбиелік шара Наурыз мейрамының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрлер мен адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін ұлы мейрам екендігін көрсетті.
