ЕҰУ Директорлар кеңесінің мүшелері ЖОО аумағына ағаш отырғызды
ЕҰУ Омбудсмені Нэля Шәпекованың бастамасымен «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Директорлар кеңесінің мүшелері ЕҰУ аумағына көшет отырғызды. Олардың ішінде Жақсыбек Күлекеев, Назгүл Айдарғалиева, Айдын Абай, Талғат Дюсеков, Тансел Тержан, Болат Токежанов, Мадияр Орынбаев, т.б. көгалдандыру жұмысына ерекше мән беріп, көшет отырғызушылардың қатарында болды.
Қазір қаланың барлық ауданында күзгі ағаш отырғызу жұмысы қарқынды жүруде. Экоакцияға бизнес өкілдері, түрлі ұйымдар, жастар, құрылыс салушылар және барлық мүдделі елорда тұрғындары да қатысуда.
Көшет отырғызу көптің ісі десек, ЕҰУ Омбудсмені Нэля Шәпекова көгалдандыру жұмысына бұл жолы Директорлар кеңесінің мүшелерін жұмылдырып, университет аумағында жасыл желектер санын көбейтуді мақсат тұтты.
«Астананы жайлы қалаға айналдыруда көгалдандыру және абаттандыруға басымды бағыт берілген. Біз бүгін ЕҰУ-ға көшет отырғызуға келдік, әр еуразиялық университет ауласына бір ағаштан ексе, «Жасыл ЕҰУ» қалашығын жасаймыз. Себебі, университет маңайында жасыл желектер қаулап, көбейген үстіне көбейіп жатса, ол бәріміз үшін қуаныш», - деді директорлар Кеңесінің төрағасы Жақсыбек Күлекеев.
Университет ауласына тоғыз түп үйеңкі ағашы отырғызылды. ЕҰУ Омбудсмені Нэля Шәпекованың айтуынша, бұл ағаш өміршең, ол 400-500 жыл жасайды және оның бойы 30-40 метрге дейін барады. Отырғызылған көшеттердің ортасына «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің директорлар Кеңесі атынан» деген жазуы бар тақтайша қойылды.