
Жастар арасында ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу: Кураторлық сағат

16 наурыз 2026 жыл күні В053-5302-23-01 және В053-5302-23-03 топтарында «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күніне арналған кураторлық сағат өткізілді. Кураторлық сағаттың мақсаты — қазіргі жастардың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүріміз туралы қаншалықты білетіндігін анықтау және оларды жастар арасында дәріптеу. Қазақ халқының салт-дәстүрлері ғасырлар бойы көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты болып, табиғи ортаның, шаруашылықтың, әлеуметтік жағдайлардың өзгеруіне сәйкес дамып, әр кезеңде өзіндік ерекшеліктерге ие болды. Дәстүрлердің қалыптасуында ұлттың этникалық және әлеуметтік құрамы, діні мен ділі, тұрмыс-тіршілігі үлкен рөл атқарған. Қазақ қоғамында әрбір дәстүрдің тәрбиелік мәні зор болды. Әр рәсім адамды моральдық және рухани тұрғыда тәрбиелеуге, қоғамның тәртібін сақтауға бағытталған. «Тұсау кесу», «сүндеттеу», «бата беру», «қыз ұзату», «келін түсіру» сияқты бүгінге дейін сақталған салт-дәстүрлерімізбен қатар ұмыт қалған және сирек орындалатын салт-дәстүрлер де бар. Оларға: енші беру, жылу жинау, асар, құда түсу, жиенқұйрық, сырғалы және т.б. жатады. Осындай тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрлеріміз туралы бүгінгі жастардың бірі білсе, бірі біле бермейді екен. Осы салт-дәстүрлерге байланысты білім алушылар арасында сұрақ-жауап түрінде тартымды пікірталас өтті. Білім алушылар белсене қатысып, өз ойларымен бөлісті.
