
Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы ЕҰУ-ға келді













Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев Еуразия ұлттық университетіне келді. Шетелдік делегация құрамында сондай-ақ Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрінің орынбасары Марат Тагаев, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі Азамат Арзаматов, Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрінің кеңесшісі Урмат Майрамбек уулу, Т. Сатылғанов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясының бас директоры, Қырғыз Республикасының халық әртісі Кыргызбай Осмонов, Қырғыз Республикасының халық жазушысы, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Жаныш Кулмамбетов, Ш. Айтматов атындағы халықаралық қордың жетекшісі, жазушы Шыңғыс Айтматовтың ұлы Эльдар Айтматов және басқа да тұлғалар болды.
Қонақтарды ректор Ерлан Сыдыков, оқытушылар және ЕҰУ-да білім алып жүрген қырғыз студенттері қарсы алды.
Еуразия ұлттық университетінің ректоры делегаттарды оқу орнының инфрақұрылымымен таныстырып, университеттің қызметі туралы айтып берді. Ол әсіресе Қырғызстан жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа тоқталды. Ерлан Сыдықовтың айтуынша, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қырғыз Республикасының 16 жоғары оқу орнымен академиялық ұтқырлық және қос диплом бағдарламалары аясында байланыс орнатқан. Академиктің сөзінше, Ош мемлекеттік университетінің базасында ЕҰУ филиалы жұмыс істейді, онда студенттер филология және техникалық ғылымдар бойынша білім алады. Сонымен қатар, Ош мемлекеттік университетімен бірлесіп, 2023 жылы ЕҰУ-да Қырғыз тілі мен мәдениеті орталығы ашылған.
Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев университет ұжымына жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, оқу орнының ғылыми және білім беру қызметіне жоғары баға берді. Сондай-ақ ол қырғыз студенттерінен ЕҰУ-дағы оқу және өмірі туралы сұрады.
Өз пікірін Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің студенті Кенешбек уулу Бектемир білдірді:
«Мен Еуразия ұлттық университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша екі айдан астам уақыт білім алып жатырмын. Мұнда тарих пәнін оқып жүрмін. Бұл университетте менің көптеген отандастарым түрлі бағыттар бойынша қос диплом бағдарламасымен білім алуда.
Еуразия ұлттық университеті – Орталық Азияның жетекші жоғары оқу орындарының арасында лайықты орын алатын жас университет. Мұнда студенттердің сапалы білім алып, жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Маған оқып жүрген тарих факультетіндегі атмосфера және оқытушылардың кәсібилігі ұнайды», - деді студент.
Айта кету керек, ЕҰУ-да қазіргі таңда қос диплом және академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша шамамен 200 қырғыз студенті білім алуда.
