
Қауіпсіз білім беру ортасы: ЕҰУ-да құқық бұзушылық пен тәуелділіктің алдын алу бағытындағы семинар өтті





Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Психологиялық қолдау орталығы педагогикалық бағыттағы білім алушылар арасында психологиялық қауіптер туралы базалық білім қалыптастыру, құқық бұзушылықтың және тәуелділіктің алдын алу мақсатында «Қауіпсіз білім беру ортасы» атты мазмұнды семинар-кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараға жастармен тікелей жұмыс істейтін білікті мамандар шақырылды. Атап айтқанда, Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Лейла Зинашева, «Fenix rehab Astana» психо-әлеуметтік оңалту орталығының өкілдері – аддиктивті бұзылыстары бар тұлғаларға арналған бағдарламаның жетекшісі Саясат Жумагулов және жетекші маман Кирилл Тен өз тәжірибелерімен және кәсіби білімдерімен бөлісті.
Лейла Зинашева өз сөзінде студенттерге тәжірибесінен нақты мысалдар келтіріп, қиын өмірлік жағдайға тап болған жастарға көрсетілетін көмек түрлеріне тоқталды. Сонымен қатар, тәуекел факторлары, жастардың құқықтық сауаттылығы және дер кезінде көмекке жүгінудің маңыздылығы туралы кеңінен баяндады.
Саясат Жумагулов синтетикалық есірткі заттарына тәуелділік мәселесін жан-жақты түсіндіріп, мұндай тәуелділікке шалдыққан адамдардың уақыт өте келе тұйықталып, қоғамнан оқшауланып, жасырын өмір салтын ұстанатынын атап өтті. Ал Кирилл Тен ойынға тәуелділік тақырыбын қозғап, бұл тәуелділік түрін ерте кезеңде анықтаудың күрделі екенін, себебі тәуелді адамдар мәселені жасырып, айналасындағыларды жиі жаңылыстыратынын жеткізді. Сондай-ақ ол ойынға тәуелділіктің психологиялық себептері мен оның салдарына тоқталды.
Кездесу барысында мамандар аудиториямен ашық диалог орнатып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Құқықбұзушылық пен тәуелділіктің алдын алу және одан шығу жолдары жан-жақты түсіндірілді. Іс-шара интерактивті форматта өтіп, қатысушылар үшін пайдалы әрі мазмұнды болды.
Іс-шара соңында Психологиялық қолдау орталығы студенттерге орталық қызметі туралы ақпарат беріп, кез келген уақытта кәсіби көмекке жүгінуге болатынын еске салды. Сондай-ақ, шақырылған қонақтарға алғыс білдіріліп, естелік сыйлықтар табысталды. Тараптар алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.
