
Түркіменстан Елшілігінің өкілдері ЕҰУ-да оқитын Түркіменстан студенттерімен кездесті















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Түркіменстан Елшілігі әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Түркіменстан студенттерімен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында елшілік өкілдері студенттерді Наурыз мейрамымен құттықтап, олардың білім алу жолындағы жетістіктеріне тілектестік білдірді. Кездесудің негізгі мақсаты – жастармен байланыс орнату, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты дамыту және ұлттық құндылықтарды насихаттау болды.
Кездесу аясында Түркіменстанның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің 3-хатшысы Лейли Сапармұрадова өз сөзінде ЕҰУ-дың 30 жылдығымен құттықтап, Наурыздың халықтарды жақындастыратын ерекше мейрам екенін атап өтті.
«Ең алдымен, сіздерді Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл университет тарихындағы ең маңызды әрі жарқын белес. Ал Наурыз – бұл тек көктемнің келуі ғана емес, ол – жаңару мен бірліктің, татулық пен достықтың символы. Бүгін біз осы мерекені «Наурызнама» онкүндігі аясында сіздермен бірге қарсы алып, өзара байланысымызды нығайтып отырмыз. Шетелде білім алып жүрген әрбір студент – өз елінің мәдени елшісі. Сіздердің жетістіктеріңіз – Түркіменстанның абыройы», – деді хатшы.
Сондай-ақ, дипломат студенттерге сапалы білім алып, болашақта ел дамуына үлес қосатын білікті маман болуға шақырды.
Жиынға қатысқан студенттер де белсенділік танытып, өзара пікір алмасып, оқу барысы мен Қазақстандағы өмірлері туралы ой бөлісті. Қазақстандағы оқу тәжірибесі мен әсерлері туралы айтып, достық пен бауырластықты нығайтудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
«Мен Қазақстандағы ірі әрі беделді жоғары оқу орындарының бірі саналатын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студентімін. Біздің университет – түрлі елдерден келген студенттер білім алып, мәдениет алмасатын халықаралық орта. Қазіргі таңда оқу ордамызда 700-ге жуық түрікмен студенттер білім алуда. Осындай кездесулер студенттер үшін тек мерекелік шара ғана емес, сонымен қатар елдер арасындағы достықты нығайтатын, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттыратын маңызды орта.
Біз, жастар, бейбітшілік пен достықты ең жоғары құндылық деп есептейміз. Болашақта да Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы достық қарым-қатынас нығая беріп, екі ел жастары бірге дамып, жаңа жетістіктерге жетеді деп сенеміз», - деді Цифрлық ғылымдар және жасанды интелект институтының 3 курс студенті Мерей Сарқытов.
Айта кетейік, мұндай кездесулер халықаралық студенттердің бейімделуіне қолдау көрсетіп қана қоймай, түрлі ел жастары арасындағы мәдени байланысты арттыруға ықпал етеді.
