
Наурызнама-2026: ЕҰУ-да Ұлттық киім күні өтті









Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Наурызнама онкүндігі аясында «Ұлттық киім – халық мұрасы» атты мерекелік іс-шара өтті.
Шараны Жаратылыстану ғылымдары институты, Физика-техникалық ғылымдар институты, Көлік-энергетика факультеті және Механика-математика факультеті бірлесіп ұйымдастырды. Мерекелік кештің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ халқының дәстүрлі киім үлгілерін насихаттау және студент жастардың мәдени танымын арттыру.
Жиынның ашылуында «Жоғары математика» кафедрасының профессоры Асқар Байарыстанов бата беріп, қатысушыларға ақжарма тілегін арнады.
Салтанатты бөлімде ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық киімнің тәрбиелік және мәдени маңызын атап өтті.
«Ұлттық киім – халқымыздың тарихы мен мәдениетінің айнасы. Әрбір өрнекте терең мағына, ал әрбір киім үлгісінде ұлттың болмысы мен эстетикалық талғамы көрініс табады. Бүгінгі шарада ұлттық киімдер арқылы халқымыздың салт-дәстүрі ерекше дәріптелді. Биыл біз жаңа жылды еліміз үшін маңызды тарихи кезеңмен қарсы алып отырмыз. Конституциялық реформалар жүзеге асып, республикалық референдум нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл – ұлт тарихындағы жаңа парақ. Осы бағытта ЕҰУ ұжымы мен студенттері де белсенді атсалысады деп сенемін», – деді проректор.
Бағдарлама аясында ЕҰУ-дың «Күміс университеті» қатысушылары ұсынған дефиле көрсетіліп, қазақтың дәстүрлі киім үлгілері – шапан, камзол, сәукеле, тақия сынды ұлттық нақыштағы бұйымдар таныстырылды. Сонымен қатар студенттер ән шырқап, ұлттық би орындады. Домбыра мен қобыздың сүйемелдеуімен күйлер орындалып, жыр шашу дәстүрі көрініс тапты. Іс-шараның шарықтау сәті – қатысушыларды біріктірген «Қара жорға» флешмобы болды.
Шара соңында «Үздік ұлттық киім» номинациясы бойынша белсенді қатысушылар марапатталды.
