
Наурызнама-2026: ЕҰУ-дың Лу Бань шеберханасында роботтар шоуы ұйымдастырылды















Digital Nauryz жобасы және «Наурызнама» онкүндігі аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Лу Бань шеберханасында роботтар шоуы ұйымдастырылды. Іс-шараға елордадағы C.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Тұран университеті және басқа да жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысты.
Іс-шараны ЕҰУ басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов ашып, қатысушыларды келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтады және бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
«Лу Бань шеберханасы – Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және технология саласындағы ынтымақтастықтың нәтижесі. Мұнда студенттер практикалық дағдыларын жетілдіріп, инновациялық жобалармен айналысуға мүмкіндік алады. Біз Наурыз мейрамының қарсаңында өздеріңізбен жақсы жаңалықты бөліскіміз келді.Роботтар шоуына сәттілік тілеймін.Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», - деді ректор.
Іс-шараны ЕҰУ цифрлық даму департаментінің директоры Әсел Омарбекова жүргізіп, робот шоудың ерекшеліктерін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай бастамалар білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, студенттердің практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
«Лу Бань шеберханасындағы бүгінгі робот шоуының басты мақсаты – студенттерге заманауи технологияларды тәжірибе жүзінде көрсету және олардың инженерлік қабілеттерін дамыту. Біз жастардың робот техникасына қызығушылығын арттырып, болашақта бәсекеге қабілетті маман болуына ықпал еткіміз келеді», - деді Әсел Омарбекова.
Шара барысында студенттерге жоба авторларының қатысуымен әртүрлі роботтардың жұмысы: индустриалдық, селбесу, өндірістік, АGV көрсетіліп, олардың өндіріс, білім және күнделікті өмірдегі қолдану бағыттары таныстырылды. Роботтар жеке-жеке өнер көрсетіп, көрермендердің қызығушылығын арттырды. Мұндай көріністер елорда ЖОО студенттеріне де ерекше әсер қалдырып, соңғы уақытта Астанада технологиялық перформанстардың көбейіп келе жатқанын көрсетеді.
«Бұл робот шоуы біз үшін өте қызықты әрі пайдалы болды. Теория жүзінде оқып жүрген дүниелерді іс жүзінде көрдік. Роботтардың мүмкіндіктері таңғалдырды, әсіресе олардың дәлдігі мен жылдамдығы және қазақтың «Қамажай» биін билеуі ерекше әсер қалдырды. Осындай шаралар бізді жаңа жобалар жасауға ынталандырады», - деді C.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің 1 курс студенті Айбар Бекжанов.
Цифрландыру саласының мамандары белсенді қатысқан іс шараны Басқарма мүшесі – цифрландыру жөніндегі проректор Гүлмира Бекманова қорытты. Оның айтуынша, мұндай робот шоулар жастардың инженерлік ойлау қабілетін дамытып, техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттырады.
Шара соңында қатысушылар робот техникасы туралы өзара пікір алмасты.Ал роботтар шоуының соңы роботтардың қазақтың «Қамажай» биін билеуімен аяқталды.
Роботтар шоуына қатысқан студенттердің айтуынша, мұндай тәжірибелік көрсетілімдер болашақ мамандар үшін аса маңызды. Олар тек білімін толықтырып қана қоймай, заманауи технологияларға деген қызығушылықты арттырады.
Айта кетейік, Лу Бань шеберханасы – қазақстандық және қытайлық кәсіпорындардың ынтымақтастығына, кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық алмасуға, Қазақстанның дамуы үшін техникалық таланттарды дамытуға, қазақстандық жастардың жұмысқа орналасу және мансаптық өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін инновациялық білім беру алаңы. Шеберхана қызметінде жасанды интеллект технологиялары да қолданылады.
