
Наурызнама-2026: Foundation бөлімінде мәдениет пен шығармашылықтың жарқын мерекесі өтті





























Наурыз мерекесі қарсаңында Foundation бөлімінде ауқымды іс-шаралар өтті. Наурыз мерекесі қарсаңында университеттің Foundation бөлімінде тыңдаушыларға арналған іс-шаралар кешені ұйымдастырылды.
Мерекелік концерт алдында дизайн және сәулет мамандықтарына түсуді жоспарлап жүрген тыңдаушылардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды. Тыңдаушылар өз жобаларын ұсынып, шығармашылық әлеуеттерін көрсетті. Сәулет-құрылыс факультеті үздік жұмыстарды жоғары бағалап, олардың авторларына шығармашылықты дамытуға арналған көркемдік құралдар жиынтықтарын сыйға тартты.
Концерттік бағдарлама мазмұнды әрі әсерлі өтті. Бағдарламаның маңызды бөлігі ретінде «Ер Тұран» күйі орындалып, ол түркі халықтарының бірлігі, рухы мен тарихи мұрасын айшықтап, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Бағдарламаның елеулі бөлігі халық билеріне арналды. Сахнада қазақ, моңғол және өзбек билері орындалып, әр халықтың ұлттық ерекшелігі, мәдениеті мен дәстүрі айқын көрініс тапты. Би қимылдарының үйлесімділігі, сахналық мәдениет және ұлттық киімдер көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Көрермендер Қытайдан келген тыңдаушы Құлжабай Айбардың орындауындағы «Аққу» күйін жоғары бағалады. Ал Моңғолиядан келген тыңдаушы Ташкен Інжудің орындауындағы «Ұмытылмас күн» әні концерттің ең әсерлі сәтіне айналып, зал бірге қосылып орындады.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар» қоры, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет» қайырымдылық қоры болды. Қонақтар әлеуметтік осал топтағы тыңдаушыларға материалдық қолдау көрсетті. Іс-шара соңында барлық тыңдаушыларға ауызашарға арналған тағам бокстары таратылды.
