
Наурызнама -2026: ЕҰУ-да жас ақындар айтысы өтті

















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Наурызнама» онкүндігі аясында «Наурыз айтыс» жас ақындар сайысы өтті.
Бұл шараға елордалық ЖОО-лардан 14 жас ақын қатысып, ұлттық өнерді дәріптеді. Жоба жетекшісі – белгілі ақын, көрнекті ғалым, филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы, ал айтысты жастар арасында танымал дарын иесі Тұрсынбек Ұлан жүргізді.
«Наурыз айтысты» ашқан ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп рухани құндылығы жоғары өнер жарысының маңызы мен мәнін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Төл өнерімізді жаңғырту, қазақтың асыл өнері айтысты жастардың арасында кеңінен насихаттау, жас ақындардың суырып салмалық қабілеттерін шыңдауды мақсат еткен дүбірлі дода – «Наурызнама» онкүндігі аясында ұйымдастырылып отыр», - деді проректор.
Жас ақындардың өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамы Сұлтанхан Мейірбек, Әбдіғани Бәзілханұлы, Иран-Ғайып Күзембаев, Өміржан Көпбосын, Қабиден Қуанышбайұлы секілді танымал айтыскер ақындардан жасақталды. Сондай-ақ айтыста жас ақындардың жан-жақты білімділігі, айтылған ой-пікірдің ұшқырлығы, тақырыптың ашылуы, қарсыласына табанасты ұтымды жауап қайтарып тойтарыс беруі, сахнадағы мәдениеті, сөзге тоқтауы т.б. шеберлігі сыналды.
Сахна төрінде жас ақындар Байжігіт Бейбіт, Мұхтар Қонарбай, Сейтжанұлы Ерасыл, Байментаев Ерасыл, Абдуллаев Мұхамедали, Мисалбек Назар, Балғабаева Айғаным, Қазбек Ибраһим, Қуаныш Аян, Төленбек Нұртілеу, Ерсайынов Марсел, Жалғасбай Еркебұлан, Рахат Тамаша, Қожамұратов Ринат өзара жұптасып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Жоғары деңгейде өткен сөз барымтасын қорытындылаған ұйымдастырушылар, жастар арасында қазақи құндылықтарды насихаттаудың жаңа жолдарын үнемі ізденіп, төл өнеріміздің нақышын бұзбай заманауи келбетін қалыптастыра беруіміз керек деп ой түйді.
Айтыстың соңында белгілі ақын, филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы қорытынды сөз сөйлеп, қатысушы ақындарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Сонымен, «Наурыз айтыс» нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен ІІІ орынды Ерасыл Сейтжанұлы, Рахат Тамаша, Айғаным Балғабаева өзара бөліссе, ІІ орын Нұртілеу Төленбек пен Ринат Қожамұратқа бұйырды. Ал І орынды Бейбіт Байжігіт, Бас жүлдені Мұхтар Қонарбай иеленді.
