
ЕҰУ-да профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге арналған корпоративтік «Motivation Day» өтті













Университеттің 30 жылдығын мерекелеу аясында ЕҰУ-де ұжымдық рухты нығайтуға және қызметкерлердің мотивациясын арттыруға бағытталған «Motivation Day» корпоративтік іс-шарасы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты - университет қызметкерлерінің кәсіби және жеке дамуына ықпал ететін шабыттандыратын орта қалыптастыру, сондай-ақ ұжымның белсенділігін арттыру болды.
Motivation Day бағдарламасына шақырылған спикерлердің баяндамалары, тәжірибеге бағытталған сессиялар және ашық диалог алаңы кірді. Оның барысында қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, кәсіби және жеке даму үшін жаңа идеялар алды.
Іс-шара барысында шақырылған сарапшылар сөз сөйледі. «Family Clinic» Халықаралық медициналық орталығының медициналық директоры, жоғары санатты терапевт Айгүл Дүнгенина «ЖОО-дағы Health Management: авитаминоз кезеңінде қызметкердің ресурсын сақтау» тақырыбында баяндама жасап, физикалық және эмоционалдық ресурсты сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар қызметкерлердің әлеуметтік және қаржылық әл-ауқаты мәселелері қарастырылды.
Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының өкілі «Астананың әлеуметтік навигаторы: балалар спорты мен шығармашылығын дамытуға арналған өзекті құралдар - QOSYMSHA.KZ» тақырыбын таныстырды. Ал «Отбасы банк» АҚ өкілі Айгерім Атабаева «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған қаржылық құралдар» тақырыбында сөз сөйледі.
Іс-шара барысында жағымды корпоративтік климат қалыптастыруға, өзара қолдау мәдениетін дамытуға және университет құндылықтарын нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.
Айта кетейік, Motivation Day - университеттегі корпоративтік іс-шаралардың жаңа форматы. Бұл бастама HR-бөлім тарапынан алғаш рет жүзеге асырылып, алдағы уақытта тұрақты түрде өткізу жоспарлануда.
Мұндай іс-шараларды өткізу университеттің адам капиталын дамытуға және заманауи, тиімді жұмыс ортасын қалыптастыруға бағытталған стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады.
