
Наурызнама - 2026: шығармашылық дефиле мен қайырымдылық жәрмеңкесі студенттер мен оқытушыларды біріктірді



















Көктемнің шуағын ала келген ұлық мереке - Наурыз қарсаңында Филология факультеті, Шет тілдері кафедрасы ерекше мазмұнға толы, тағылымы терең әрі әсерлі іс-шара ұйымдастырды. Бұл мереке оқытушылар мен студенттерді бір арнаға тоғыстырып, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, шығармашылықты қолдау және ізгілік құндылықтарын насихаттаумен ерекшеленді.
Іс-шараның құрметті қонақтары ретінде Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы, филология факультетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі декан орынбасары Гүлназ Қасбаева, студенттермен жұмыс жөніндегі декан орынбасары Ақнұр Төлеубаева, академиялық мәселелер жөніндегі декан орынбасары Айсұлу Акишева, практикалық қазақ тілі кафедрасының кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор м.а. Қуандық Құлманов, халықаралық қатынастар факультетінің ғылым кандидаты, доцент Анна Есенгалиева, жәнеде Қазақстан этнодизайнерлер одағының мүшесі Арайлым Нұржігітова шақырылды.
Іс-шара қазақы нақыштағы әшекей бұйымдардың сәнді дефилесімен ашылды. Коллекция авторы – кафедраның аға оқытушысы, Қазақстан этно-дизайнерлер одағының мүшесі Айгүл Касенова Б, ол қазақ ою-өрнектерінің терең мәні мен көркемдігін заманауи дизайнерлік шешімдер арқылы шебер үйлестіре білді. Сахна төрінде оқытушылар және студенттер өздері бой көрсетіп, әшекейлердің әсемдігін ғана емес, ұлттық мұраға деген зор құрмет пен мақтаныш сезімін айқын жеткізді. Әрбір туындының өзіндік қолтаңбасы, нәзік үйлесімі мен көркемдік ерекшелігі көрерменнің ықыласын ерекше аударды.
Мерекенің ажарын аша түскен тағы бір маңызды бөлім – қайырымдылық жәрмеңкесі болды. Мұнда студенттер мен оқытушылардың қолынан шыққан түрлі бұйымдар: әшекейлер, кәдесыйлар, сәндік заттар ұсынылды. Сонымен қатар, ұлттық тағамдар мен үй жағдайында дайындалған тәтті-дәмділер келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Жәрмеңке барысында әрбір адам тек сатып алушы ғана емес, игі іске үлес қосушы ретінде көрінді.
Жылы жүздесу мен шынайы қарым-қатынасқа толы бұл шара барша қатысушыларға ұмытылмас әсер қалдырды. Ең бастысы – жиналған қаражаттың қайырымдылық мақсатқа бағытталуы мерекенің мәнін одан әрі тереңдете түсті.
Шет тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен өткен Наурыз мерекесі – бұл тек мәдени іс-шара ғана емес, ол бірлік пен бауырмалдықтың, жомарттық пен жанашырлықтың жарқын көрінісі болды. Осындай тағылымды кездесулер ұлттық құндылықтарды ұлықтап қана қоймай, жас ұрпақтың жүрегіне ізгілік пен жауапкершілік дәнін себетіні сөзсіз.
