
ЕҰУ-да «Spiritual Heritage & Renaissance» халықаралық көрмесі өтті











Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 30 жылдық мерейтойы аясында Сәулет-құрылыс факультетінің «Дизайн және инженерлік графика» кафедрасында «SPiritual Heritage & Renaissance/ Рухани мұра және өрлеу» атты халықаралық студенттер байқауы–көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.
Ауқымды шара студент жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, ұлттық және әлемдік мәдени мұраны заманауи дизайн тілі арқылы жаңаша пайымдауға бағытталды. Көрме білім алушылар мен жас дизайнерлер үшін тәжірибе алмасу алаңына айналып, түрлі елдерден келген қатысушылар арасында мәдени диалог пен өзара түсіністікті нығайтты.
Көрменің негізгі мақсаты – әлем халықтарының рухани және мәдени мұрасын дәріптеу, жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ мәдени мұраны қазіргі заман талаптарына сай қайта жаңғырту болды.
Байқау–көрме 4 негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылды:
этнодизайн және дәстүрлі өнердің заманауи интерпретациясы;
digital-art, VR/AR және AI технологияларына негізделген жобалар;
эко-дизайн және тұрақты даму тұжырымдамалары;
smart-кеңістіктер мен болашақ архитектурасы (студенттік жобаларды pitch-format форматында таныстыру).
Көрменің ашылу салтанатында құрметті қонақтар қатысып, жас дизайнерлерге сәттілік тіледі. Атап айтқанда:
Ермек Асылханов – «Дизайн және инженерлік графика» кафедрасының профессоры, Еуразиялық дизайнерлер одағының төрағасы;
Қазанғап Төлеутай - Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті профессоры;
Сейфолла Бодиков - Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы.
Салтанатты рәсім барысында қонақтар көрменің лентасын қиып, қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі.
Көрмеге жалпы 132 білім алушы қатысып, олардың қатарында Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерінен білім алушылар онлайн форматта қатысып, өз жұмыстарын электронды түрде ұсынып, көрмені тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының студенттері белсенділік танытты. Олардың қатарында:
Тұран-Астана университеті;
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті;
Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті;
Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті;
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті;
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті;
К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті білім алушылары бар.
Көрме барысында ұсынылған жұмыстар мазмұны мен орындалу сапасы жағынан жоғары деңгейде бағаланды. Қатысушылар өз жобаларын креативті түрде таныстырып, заманауи дизайндағы өзекті идеяларды ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
