
ЕҰУ-да имидждік өнімдер дүкені ашылды
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Наурыз мерекесі қарсаңында ENU STORE брендтік өнімдер дүкені ашылды.
Ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, сондай-ақ оқытушылар, қызметкерлер мен студенттер қатысты.
Жобаның бастамашысы – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі Бақыт Айтишов. Оның айтуынша, фирмалық дүкен ашу идеясы университеттің имиджін дамыту және студенттер мен шетелдік қонақтарға сапалы сувенирлік өнім ұсыну қажеттілігінен туындаған.
«ЕҰУ түлегі ретінде мен студенттерге, қызметкерлерге және университет қонақтарына арналған брендтік өнімдер қажеттігін бұрыннан байқап келемін. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне шетелдік делегациялар жиі келеді – жұмыс сапарларымен, келісімдерге қол қою және серіктестікті дамыту үшін. Сондықтан фирмалық дүкен ашу университет имиджін нығайтудың заңды қадамы болды.
Біз үшін студенттердің өздері де ЕҰУ символикасы бар сапалы киімдер мен сувенирлерді сатып ала алуы, ал қонақтардың университет мәдениетінің бір бөлігін өздерімен бірге алып кетуі маңызды. Салтанатты ашылу күні-ақ бізге Жапониядан қонақтар келіп, әсіресе университет логотипі бар футболкаларды қызығушылықпен таңдап, өте риза болды. Бұл мұндай форматтың шынымен де сұранысқа ие екенін тағы бір дәлелдейді», – деді Бақыт Айтишев.
ENU STORE ассортиментінде киімдер (худи, футболкалар, бомберлер), сувенирлер, кружкалар, термостар, рюкзактар, жұмсақ ойыншықтар және университет символикасы бар баспа өнімдері ұсынылған.
Б. Айтишевтің айтуынша, сувенирлік өнімдердің едәуір бөлігі өздері тарапынан өндіріледі: команданың жеке цехы және серіктестік байланыстары бар, бұл сапаны және фирмалық белгілерді түсіру процесін бақылауға мүмкіндік береді. Тоқыма өнімдері Қырғызстан мен Қытайдағы серіктестермен бірлесе жеткізіледі, ал дайын өнім Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің фирмалық стиліне сай жетілдіріледі. Кей жағдайларда дайын негізге брендтеу жасалса, кейбір өнімдер тапсырыс бойынша әзірленеді.
Алдағы уақытта дүкен мен ассортиментті кеңейту жоспарланып отыр. Команда Harvard University сияқты жетекші шетелдік университеттердің тәжірибесіне сүйенеді, онда фирмалық дүкендер университет мәдениетінің бір бөлігіне айналып, үлкен сұранысқа ие. Қызығушылық артқан сайын және серіктестіктерді дамыту аясында жобаны кеңейтіп, толыққанды университеттік ритейл кеңістігін құру көзделуде.
Алғашқы сатып алуды Динара Щеглова жасап, университеттің 30 жылдығына арналған шектеулі топтамадан худи таңдады. Оның үлгісін университет басшылығы мен қызметкерлері қолдады.
Айта кетейік, дүкеннің ашылуы алдағы мерейтойлық іс-шаралар мен халықаралық делегациялар сапарларына орайластырылған.
Ашылу күні қонақтар үшін естелік сыйлықтары бар викторина да ұйымдастырылды.
