
ЕҰУ Ұлыбританияның Жоғары білім берудегі инклюзия мәселелеріндегі тәжірибесін талқылады





2026 жылдың 12 наурызында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында Ұлыбританияның жоғары білім беру жүйесіндегі инклюзивтілік мәселелеріне арналған «Inclusion in UK Higher Education: From the Perspectives of Students and Faculty» тақырыбындағы кездесу өтті.
Іс-шара AZM Education білім беру ұйымының қатысуымен ұйымдастырылды.
Кездесуге академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Б.Б. Қашхынбай, Білім жоғары мектебінің директоры Б.Ж. Сомжүрек, профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ Білім жоғары мектебінің білім алушылары қатысты.
Кездесудің спикерлері ретінде AZM Education ұйымының директорлары — Alastair Milne және Zeynep Kacmaz Milne сөз сөйледі.
Кездесу барысында инклюзивті білім беру ортасын дамытудың заманауи тәсілдері, жоғары білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ әртүрлі білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды қолдауда оқытушылар мен университет құрылымдарының рөлі қарастырылды. Спикерлер халықаралық тәжірибемен бөлісіп, Ұлыбритания университеттеріндегі табысты тәжірибелерді, сондай-ақ инклюзивті білім беру саласындағы өзекті сын-қатерлерді талқылады.
Осындай кездесулерді өткізу халықаралық тәжірибе алмасуға, академиялық ынтымақтастықты дамытуға және университеттік ортаға инклюзивті білім берудің үздік тәжірибелерін енгізуге ықпал етеді.
