
Баян-Өлгейде қазақстандық білім күндері ресми түрде басталды









Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында қазақстандық білім күндері ресми түрде басталды. Аталған іс-шара «Отандастар қоры» бастамасымен және аймақтық әкімдік пен Білім басқармасының қолдауымен биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
Шараның ашылу салтанаты аймақ әкімінің құттықтау сөзімен басталды. Өз сөзінде өңір басшысы бұл бастаманың жастар үшін маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Іс-шараға Қазақстанның оннан астам жоғары оқу орны қатысып, талапкерлер мен олардың ата-аналарына білім беру бағдарламалары, грант мүмкіндіктері және оқуға түсу талаптары туралы жан-жақты ақпарат ұсынуда. Сонымен қатар, келушілер университет өкілдерімен тікелей тілдесіп, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Қазақстандық білім күндері 25–26 наурыз аралығында өтуде. Екі күнге созылатын шара аясында бірқатар маңызды кездесулер мен түсіндіру жұмыстары жоспарланған.
Бұл бастама – шетелдегі қазақ жастарының тарихи отанында сапалы білім алуына жол ашатын маңызды қадам. Іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері – шетел азаматтарымен жұмыс бөлімінің сарапшысы Паратхан Ботагөз және кәсіби бағдар беру бөлімінің аға маманы Әділ Тұрсынұлы қатысты. Аталған университетте қазіргі таңда 600-ден астам Моңғолия азаматы білім алуда.
