
ЕҰУ студенттеріне авиация саласындағы мансап туралы айтылды









Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде авиация саласына қызығушылық танытқан студенттер мен кәсіби қоғамдастық өкілдерін біріктірген кездесу өтті. Іс-шараны ұйымдастырушы ретінде карьера және бизнес- әріптестік бөлімі басты тақырып ретінде - авиация саласында оқыту және түлектерді жұмысқа орналастыру перспективаларын белгіледі.
Университет қонақтары ретінде «Казаэронавигация» мамандары қатысты, олардың ішінде - әуе кемелері қозғалысын тікелей басқаруды жүзеге асыратын аға диспетчер Олжас Шалабаев, мемлекеттік тіл жөніндегі маман Бәтима Кәлемшариева, кадрлар жөніндегі инспектор Айгүл Акшалова. Кездесуге сонымен қатар университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері де қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты - қиындығы мен қызығы қатар жүретін авиация саласына жастардың ынтасын арттыру, сондай-ақ осы бағытты таңдаған түлектердің болашаққа деген сенімді көзқарасын қалыптастыру болды.
Шара барысында сала мамандары авиацияның жалпы құрылымы, оның ел экономикасындағы орны мен маңызы туралы жан-жақты мағлұмат берді. Әсіресе, әуе қозғалысын басқару қызметінің ерекшеліктері, диспетчерлердің жауапкершілігі мен кәсіби талаптары кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, азаматтық авиация саласындағы қауіпсіздік, заманауи технологиялар мен халықаралық стандарттардың рөліне ерекше тоқталды.
Студенттер авиация туралы жалпы түсініктері болғанымен, диспетчерлік қызметтің қыр-сыры, әуе қызметкерлерінің күнделікті міндеттері мен жауапкершілігі жайында тереңірек білгісі келетінін жеткізді. Олар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.
Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан Республикасындағы ең ірі аэронавигациялық қызмет көрсететін мекеме болып табылады. Кәсіпорын қызметі негізінен ҚР әуе кеңістігінде әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсету; ҚР әуе кеңістігінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету; Ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету және байланыс құралдарын пайдалану; ҚР әуе кеңістігі пайдаланушыларын аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету секілді бірнеше саладан тұрады.
«Кәсіпорында еңбек ету үшін басты талап – шет тілдерін білу аса маңызды», - деп атап өтті әуе кемелері қозғалысын тікелей басқаруды жүзеге асыратын аға диспетчер Олжас Шалабаев.
Кездесу барысында «Қазаэронавигация» РМК өкілдері өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, мамандық таңдаудағы жауапкершілік, үздіксіз білім жетілдіру және жеке даму мәселелері жөнінде пайдалы кеңестер берді. Сонымен қатар, түлектерді жұмысқа орналастыру мен тәжірибеден өту мүмкіндіктері туралы да ақпарат ұсынылды.
Мағыналы әрі мазмұнды өткен шара соңында карьера және бизнес-әріптестік бөлімінің мамандары мен студент-жастар «Қазаэронавигация» РМК қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, мұндай тағылымды кездесулердің алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.
