
150-ден астам спортшы ЕҰУ-де өткен Қазақстан чемпионатына қатысты











Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 21–24 наурыз аралығында университеттің 30 жылдығы аясында жасанды рельефте спелеотуризм бойынша Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты өтті.
«Туризм» кафедрасынан «Студенттер» және «Ересектер» топтарында «Фестина» және «Феникс» командалары қатысты. Барлық қашықтықтар қорытындысы бойынша «Фестина» командасы жоғары дайындық деңгейін және үйлесімді командалық жұмысты көрсетіп, студенттер арасында І жалпыкомандалық орынды иеленді. Ал «Феникс» командасы кәсіби спортшылар қатысқан «Ересектер» санатында лайықты түрде ІІІ орын алды.
Жарысқа еліміздің әртүрлі өңірлерінен: Астана қаласы, Абай облысы (Семей), Павлодар облысы (Павлодар), Жетісу облысы (Талдықорған және Текелі) 25 команда, шамамен 150 спортшы мен жаттықтырушы қатысты. Чемпионат Қазақстан Республикасының спорттық туризм федерациясымен бірлесіп ұйымдастырылып, ересектер, студенттер, юниорлар және жасөспірімдер сияқты төрт жас санатын қамтыды.
Чемпионат бағдарламасы қатысушылардың дайындық деңгейін кешенді бағалауға бағытталды. Жарыстар жеке және командалық қашықтықтардан, сондай-ақ құтқару жұмыстары кезеңдерінен тұрды. Қатысушылар жасанды жағдайларда күрделі кедергілерден өтіп, жылдамдық, төзімділік және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жоғары техникалық шеберліктерін көрсетті.
Чемпионатты өткізу елімізде спелеотуризмді дамытуға және спорттық туризмді насихаттауға елеулі үлес қосты. Іс-шара командалар арасында тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жастардың белсенді және салауатты өмір салтына, экстремалды спорт түрлеріне қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
