
Көрісу күніне орай тағылымды іс-шара

2026 жылғы 13 наурызда тарих факультетінде студенттерге арналған Көрісу күніне орай тағылымды іс-шара өтті. Аталған мерекелік жиынды «Тұмар» студенттік этнографиялық үйірмесі ұйымдастырды. Үйірме жетекшілері — А.С. Сарсамбекова мен С.К. Ботбайбекова. Іс-шара «Амал келді — жыл келді!» деген атаумен өтті.
Мерекелік басқосудың басты мақсаты — халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан Көрісу күні дәстүрін дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және жастардың бойына ата-баба мұрасын құрметтеу сезімін қалыптастыру болды. Іс-шараға тарих факультетінің студенттері белсене қатысып, қазақ халқының салт-дәстүрі мен рухани мәдениетіне қатысты мазмұнды мәліметтер алды.

Іс-шара барысында қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, құттықтау сөз сөйлеген тарих факультетінің деканы Ө.Ж. Бекмағанбетов жастарға ұлттық мерекелердің мәні мен тәрбиелік маңызы туралы айтып өтті.

Кеш соңында «Археология және этнология» кафедрасының доценті С.З. Раздыков, жиналған студент жастарға ақ батасын беріп, ізгі тілегін арнады. Бұл сәт іс-шараның мазмұнын тереңдете түсіп, жастарға ерекше рухани әсер сыйлады.
Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар студент жастардың ұлттық дүниетанымын кеңейтіп, дәстүр мен мәдени мұраға деген құрметін арттыра түсетіні сөзсіз.
