
ЕҰУ-да референдум нәтижелері мен конституциялық реформалар талқыланды









Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде референдум нәтижелерін талқылау және конституциялық реформаларды әрі қарай дамыту бағыттарын қарастыру тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Аймақтық іс-шараға белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері және тәжірибелік зерттеушілер қатысты. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Конституциясындағы негізгі өзгерістер, олардың іске асырылу механизмдері, сондай-ақ реформалардың адами капитал мен қоғамдық-саяси процестерге әсері кеңінен сөз болды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар алдында университеттің әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы сөз сөйледі.
«Конституциялық реформалар мен референдум нәтижелерін талқылау – университет үшін стратегиялық маңызды. Мұндай кездесулер қатысушыларға өзекті мәселелерді ашық талқылап, тәжірибе мен ұсыныстар алмасуға мүмкіндік береді. Жуырда өткен референдум – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл шара халқымыздың бірлігі мен ел болашағына деген жауапкершілігінің айқын көрінісін аңғартты. Халықаралық бақылаушылар мен басқа елдердің сайлау органдарының өкілдері де дауыс беру тыныш және белгіленген рәсімдерге сәйкес өткенін атап өтті.Біз бірлігімізді сақтай отырып, ортақ мақсат жолында еңбек ете беретін болсақ, еліміздің болашағы жарқын боларына сеніміміз мол. Университет ретінде біз қоғамдық-саяси өзгерістерді зерттеу мен талдау бағытында ашық академиялық алаң болуға ұмтыламыз. Реформалар тек заңдық құжаттармен шектелмей, адам капиталының дамуына, университеттің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына тікелей әсер етеді», - деп атап өтті проректор.
Дөңгелек үстел басында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау жаңа Конституциядағы өзгерістер туралы, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Абдрасулов Қазақстанның жаңа Конституциясын іске асыру механизмдері жайлы, Қолданбалы этнополитикалық зерттеулер институтының Халықаралық қатынастар мониторингі орталығының директоры Жұлдыз Кәрім Конституциялық реформалар және адами капитал: дамудың жаңа бағыттары тақырыбында кеңінен әңгімелеп берді.
Содан кейін ашық пікірталас өтіп, қатысушылар ой-пікір алмасты, сұрақтар қойылып, конституциялық реформаларды іске асырудың өзекті аспектілері талқыланды.
Аталған іс-шара қоғамдық-саяси өзгерістерді талдау және заманауи Қазақстанды дамытуға ғылыми негізделген тәсілдерді әзірлеу мақсатында ұйымдастырылды. Демек, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан Республикасының дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға ашық академиялық алаң болып қала береді.
