
ЕҰУ-да бизнес-процестерді оңтайландыру бойынша практикалық семинар өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіңде Сапаны қамтамасыз ету департаментінің Ішкі бақылау және академиялық комплаенс бөлімі «Ұжымның бизнес-процестерді қалыптастыру және оңтайландыру саласындағы цифрлық құзыреттілігін арттыру» тақырыбында семинар өткізді.
Іс-шара барысында қатысушыларға ішкі құжаттармен жұмыс істеудің негізгі кезеңдері – әзірлеу, келісу, бекіту, жаңарту, сақтау және қолдану тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, ішкі құжаттарды басқару рәсімінің талаптарына ерекше назар аударылды.
Семинар барысында тыңдаушылар университетте қолданылатын ішкі құжаттардың иерархиялық құрылымымен, сондай-ақ басқарудағы бизнес-процестік тәсілдің негізгі қағидаттарымен танысты. Бизнес-процестердің кезеңдерін көрсететін блок-схемалар және оларды әзірлеу мен оңтайландыруға арналған заманауи цифрлық платформалар таныстырылды.
Іс-шараның практикалық бөлімінде қатысушылар функцияларды орындаудың кезеңдері мен ішкі кезеңдерін көрсете отырып, бизнес-процестердің сызбаларын әзірледі. Интерактивті форматта спикер Help Desk жүйесінде өтінімдерді қабылдау және өңдеу ережелері негізінде бизнес-процесті құруды көрсетті, бұл қатысушыларға алынған білімдерін тәжірибе жүзінде көрнекі түрде бекітуге мүмкіндік берді.
Аталған семинар қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға, университеттің бизнес-процестерін жүйелі түрде жетілдіруге және басқару қызметіне заманауи цифрлық құралдарды енгізуге бағытталған маңызды қадам болды.
