
ЕҰУ-дың Күміс университетінің тыңдаушылары жасанды интеллект пен цифрлық дағдыларды меңгерді
Үздіксіз білім беру институты Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институтымен бірлесіп Күміс университет тыңдаушыларына арналған «Жасанды интеллект және цифрлық сауаттылық: жаңа дәуір құралдары» атты курсты сәтті өткізді.
Курс бағдарламасы қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, аға буын өкілдерінің заманауи технологияларды меңгеруіндегі маңызды қадамға айналды. Тыңдаушылар оқытушылардың жоғары кәсібилігін, күрделі тақырыптарды қарапайым әрі түсінікті жеткізуін және әр қатысушыға деген ерекше ықыласын атап өтті.
Ирина Иванова бұл курс цифрлық мүмкіндіктердің жаңа әлемін ашып қана қоймай, иллюстрациялармен өз кітаптарын жасауға үйреткенін айтты. Ал Шолпан Алпыспаева оқытушы Ляззат Кусепованы заманауи педагогтың үлгісі ретінде бағалап, оның сабырлылығы мен әр тыңдаушыға жеке көңіл бөліп, түсіндіре білу қабілетіне ерекше тоқталды.
Маргарита Казкенова оқу үдерісінің өзіне үлкен шабыт бергенін жеткізіп: «Біз жаңа, бұрын беймәлім әлемге қадам басып отырмыз және алға жылжуға дайынбыз», – деді. Багжамал Калиева сабақтардың уақыт талабына сай дамуға сенімділік беретінін айтып, курсты жалғастыруға ниет білдірді.
Гульмира Жолбасканова бұл курсты «нағыз жаңалық» деп атап, оның практикалық маңыздылығын – мәтіндер құрастырудан бастап, бейнелер генерациялауға дейінгі дағдыларды меңгеруге мүмкіндік бергенін ерекше атап өтті.
Тыңдаушылардың көптеген өтініштері негізінде курс жалғасын табатын болады.
Барлық жастағы адамдар үшін қолжетімді әрі сапалы үздіксіз білім беру жағдайларын жасау, тұлғалық дамуды қолдау, когнитивтік қабілеттерді жетілдіру, заманауи құзыреттерді қалыптастыру және өмір сапасын арттыру Үздіксіз білім беру институтының басты басым бағыттарының бірі болып қала береді.
