
«Дағдарыс психологиясы» бағдарламасы магистранттарының Адам Мицкевич университетіндегі (Польша) академиялық ұтқырлығы









Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында «7М03110 – Дағдарыс психологиясы» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранттары Аухатова Жанна мен Азаматова Ақпатша Польшадағы Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университетте 29 қыркүйек пен 2 ақпан аралығында білім алды.
Қабылдаушы университетте нейроғылым (neuroscience), айтрекинг (eye-tracking) және «Дамуды диагностикалау – мәдени-тарихи көзқарас» (Advanced seminar: Developmental assessment – a cultural-historical view) пәндері оқытылды.
«Нейроғылым» пәні ми құрылымын, оның функционалдық ұйымдасуын және нейробиологиялық процестердің адамның мінез-құлқы мен когнитивтік функцияларына әсерін зерттеуге бағытталды.
«Айтрекинг» пәні аясында магистранттар көз қозғалысын бақылайтын арнайы құрылғымен жұмыс істеді. Топтық зерттеу жобалары орындалып, көру қабылдауы, назар және ақпаратты өңдеу ерекшеліктері зерттелді. Практикалық жұмыс ғылыми-зерттеу жүргізуде маңызды тәжірибе берді.
Сонымен қатар, Л.С. Выготскийдің мәдени-тарихи даму теориясы зерттеліп, адамның ойлау, сөйлеу және мінез-құлқының қалыптасу механизмдерін терең түсінуге мүмкіндік берді.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы магистранттардың кәсіби және ғылыми дамуының маңызды кезеңіне айналды. Халықаралық білім беру ортасы олардың білімін кеңейтіп, тәжірибелік дағдыларын және мәдениаралық құзыреттерін дамытуға ықпал етті.
Алынған тәжірибе бағдарлама қатысушылары тарапынан жоғары бағаланып, олардың болашақ ғылыми және кәсіби қызметіне маңызды үлес қосты.
