
Медиация бойынша қонақ дәрісі: диалог – қақтығыстарды шешу жолы

31 наурыз күні «6В03103 – Психология» білім беру бағдарламасының 2 курс студенттеріне «Қазақстандағы медиация» тақырыбында қонақ дәрісі өткізілді. Дәріс оқыған – Италиева Талшин Мұқатовна, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ медиация мәселелері жөніндегі үйлестіруші, бас сарапшы.
Қонақ дәрісті ұйымдастырған – «Қақтығыс психологиясы және медиация» пәнінің оқытушысы, психология кафедрасының қауымдастырылған профессор м.а., философия докторы (PhD) Абенова Саулет Уразбековна. Іс-шараға сондай-ақ философия докторы (PhD), психология кафедрасының аға оқытушысы, білім беру саласындағы сертификатталған медиатор Тусупбекова Бахыт Сериковна қатысты.
Дәріс барысында медиацияның қақтығыстарды реттеудің заманауи әрі тиімді құралы ретіндегі негізгі аспектілері жан-жақты қарастырылды. Ерекше назар медиатордың бейтарап делдал ретіндегі рөліне аударылды. Ол тараптарға конструктивті диалог орнатуға және өзара тиімді шешімге келуге көмектеседі.
Сонымен қатар, оқытушы Қазақстандағы медиация институтының даму тарихына шолу жасап, 2011 жылы «Медиация туралы» Заңның қабылдануынан бастап бүгінгі күнге дейінгі даму кезеңдерін баяндады. Қоғамның түрлі салаларында медиацияны кеңінен қолдануға бағытталған қазіргі бастамалар таныстырылып, білім беру ортасынан алынған практикалық мысалдар арқылы қақтығыстарды ушықтырмай тиімді шешудің мүмкіндіктері көрсетілді.
Өткізілген дәріс студенттердің зор қызығушылығын тудырып қана қоймай, диалог мәдениеті мен конструктивті қарым-қатынас дағдылары туралы түсініктерін қалыптастыруға ықпал етті, сондай-ақ оқытылатын пәнге деген қызығушылықтың айтарлықтай артуына себеп болды.
