
Глобализация жағдайында мемлекеттік басқарудың жаңа стандарттары туралы ЕҰУ-да дәріс оқыған Алихан Байменов баяндады















Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет Хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Бәйменов Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен оқытушылары алдында дәріс оқыды. Дәріс тақырыбы – «Мемлекеттік басқару: эволюция және дәуір талаптары».
Кездесуді ЕҰУ-дың басқарма төрағасы-ректор Ерлан Сыдықов ашып, бүгін Еуразия ұлттық университетінде аса маңызды әрі тағылымды шараға жиналғанымызды айта келіп, мемлекеттік басқару саласында зор тәжірибесі бар, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға - Әлихан Бәйменовке Ғылыми кеңестің шешімімен «ЕҰУ-дың Құрметті профессоры» атағын және өзінің авторлық бес-алты кітабын табыс етті.
«Қазіргі таңда мемлекеттік басқару жүйесі қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Әлемдік үрдістер, цифрландыру, қоғамның жаңа талаптары мемлекеттік қызметтің мазмұны мен сапасына тың көзқарас қалыптастыруды қажет етеді. Осы тұрғыда бүгінгі «Мемлекеттік басқару: эволюция және дәуір талаптары» атты дәріс өте өзекті деп есептеймін. Әлихан Мұхамедияұлы – тек тәжірибелі мемлекеттік қызметкер ғана емес, сонымен қатар басқару жүйесін жетілдіру бағытында терең ғылыми және практикалық ой-пікір қалыптастырған тұлға. Оның ойлары мен тәжірибесі сіздер үшін, әсіресе болашақ мемлекеттік қызметкерлер – студент жастар үшін аса құнды болатынына сенімдімін», -деді ректор.
Өз кезегінде сөз алған Әлихан Бәйменов берілген атақты ыстық ықыласпен қабылдай отырып, университет басшылығына алғыс білдірді және бұл атақ өзіне артылған үлкен жауапкерлілік, яғни жаңа биіктерге жетелейтін шешім екенін жеткізді. Сонымен қатар ЕҰУ кітапханасына жеке кітаптарын сыйлап, Экономика және туризм жоғары мектебіне «Тоғызқұмалақ» тақтасын тарту етті.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор дәріс барысында мемлекеттік басқару жүйесінің тарихи даму кезеңдеріне тоқталып, қазіргі заман талаптарына сай басқару модельдерінің өзгеруі туралы кеңінен баяндады. Ол әсіресе цифрландыру, ашықтық, есеп берушілік, тиімділік және құндылық секілді негізгі қағидалардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, спикер қазіргі жаһандану жағдайында мемлекеттердің бәсекеге қабілетті болуы үшін басқару жүйесін үнемі жетілдіру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, мемлекеттік қызметшілер тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, сонымен қатар жоғары этикалық құндылықтарымен де ерекшеленуі тиіс.
Интерактивті форматта өткен кездесуде студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік қызмет, реформалар және мансаптық даму мәселелері бойынша пікір алмасты. Әлихан Бәйменов жастарға ел дамуына үлес қосу үшін сапалы білім алып, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру керектігін жеткізді.
Әлихан Бәйменов кездесу барысында мемлекеттік басқару туралы өз ойын ұлы ойшылдардың сөздерімен сабақтай отырып айтты.Оның пікірінше, қазіргі кезеңде мемлекет басқару жүйесі тек дәстүрлі әдістермен шектелмеуі тиіс. Заманауи талаптарға сай басқару икемді, ашық және нәтижеге бағытталған болуы қажет. Әсіресе, цифрландыру мен қоғам алдындағы есептілік мемлекеттік органдар жұмысының негізгі қағидаларына айналуы керек.
Сондай-ақ, Бәйменов Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы туралы да өз пікірін білдірді.Мемлекеттік аппараттың тиімділігі Ата заңда көрсетілгендей, ең алдымен адам капиталына байланысты екенін атап өтті. Яғни, кәсіби, адал және жауапкершілігі жоғары мемлекеттік қызметшілер ғана елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ете алады. Ол жастарға үлкен үміт артатынын айтып, жаңа буын өкілдері өзгерістердің қозғаушы күші болуы тиіс екенін жеткізді. Оның ойынша, білімді, сыни ойлай алатын және қоғамға бейжай қарамайтын жастар – болашақтағы тиімді мемлекеттік басқарудың негізі.
«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы тек құқықтық нормалар жиынтығы ғана емес, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімнің негізі. Ата заңда бекітілген құндылықтарды сақтау – әрбір азамат пен мемлекеттік қызметшінің ортақ міндеті. Бұл өз кезегінде елдің тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді дамуының кепілі болып табылады», - деді спикер.
Кездесуге қатысқан студенттер де өз әсерімен бөлісіп, Әлихан Бәйменов көтерген тақырыптардың өзектілігін ерекше атап өтті.
«Бұл кездесу мен үшін өте пайдалы болды. Әлихан Бәйменовтың мемлекеттік басқарудың эволюциясы мен қазіргі талаптары туралы айтқан ойлары көп нәрсеге көзқарасымды өзгертті. Әсіресе, мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен жауапкершілік туралы пікірлері әсер қалдырды.Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы айтылған тұжырымдары да маңызды болды. Біз теорияда оқитын қағидалардың нақты өмірде қалай іске асуы керектігін түсіндік.Осындай кездесулер студенттер үшін өте қажет деп ойлаймын, себебі тәжірибелі мамандардың ойы бізге болашақ маман ретінде дұрыс бағыт таңдауға көмектеседі», – деді студент Бақытжан Тұрдалиев.
Іс-шара білім алушылар үшін мемлекеттік басқару саласындағы заманауи үрдістерді түсінуге және тәжірибелі маманның пікірін тыңдауға мүмкіндік берді.Спикер өзінің дәрісін «Ұлық болсаң, үлгі бол» деген ұран сөзбен түйді.
