
Экология іс жүзінде: ЕҰУ Ғылыми кітапханасындағы іс-шаралар сериясы







Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту концепциясы аясында студенттер мен қызметкерлер арасында экологиялық сауаттылықты арттыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар сериясы өткізілді.
Аталған іс-шаралардың барлығы оқырмандардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға және табиғатты аялау идеяларын кеңінен насихаттауға бағытталды.
Кітапханадағы «American Corner and Maker Space Astana» ақпараттық ресурстар орталығы «1 минут – 1 факт: Табиғатты бірге таны!» атты ақпараттық-танымдық интерактивті көрме ұйымдастырып, оны әлеуметтік желілер мен кітапхана мониторлары арқылы оқырмандар назарына ұсынды. Видеороликте экологияға қатысты қызықты деректер, кеңестер, ескерту белгілері мен экологиялық апаттар туралы мәліметтер беріліп, студенттер мен қызметкерлердің экологиялық сауаттылығын арттыруға ықпал етті.
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі ұйымдастырған «Табиғатқа жанашыр қаламгерлер» атты кітап көрмесінде ақын-жазушылардың туған жер, қоршаған орта және табиғат сұлулығын жырлаған шығармалары қойылып, экологиялық идеяларды көркем әдебиет арқылы насихаттауға басымдық берілді.
Каталогтау және құжаттарды жүйелеу бөлімінің мамандары кітапхана оқырмандары арасында «Экобілім алаңы» атты танымдық викторина ұйымдастырып, қатысушылар экология, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қайта өңдеу және экологиялық қауіптер тақырыбында түрлі сұрақтарға жауап беріп, білімдерін сынға салды. Бұл шара жастардың экологиялық санасын арттыруға ықпал етті.
Ақпараттық-библиографиялық бөлім кітапхана сайтының «Көрмелер» бөліміне «Жасыл кітапхана» атты экологиялық әдебиеттер мен ғылыми еңбектердің виртуалды кітап көрмесін ұсынды. Көрмеде табиғатты қорғау, энергия үнемдеу, экотуризм және қайта өңдеу мәселелеріне арналған түрлі оқулықтар қысқаша аннотацияларымен берілді.
