
ЕҰУ-дағы экосағат: Қазақстан студенттері «Суды үнемде - болашақты сақта!» экологиялық сағатына қатысты













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Суды үнемде – болашақты сақта!» атты эко-сағат өтті. Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Эко-сағат «Адал азамат» мемлекеттік біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткізіліп, экологиялық мәдениет, азаматтық жауапкершілік және су ресурстарын тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
Іс-шара онлайн және офлайн форматта өтті. Офлайн форматта 500-ден астам студент, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен ЕҰУ еріктілері қатысты. Ал Қазақстанның барлық өңірлеріндегі университет студенттері YouTube платформасы арқылы онлайн қосылды.
Шара барысында Еуразия ұлттық университеті студенттері, оқытушылары мен жас ғалымдарының үздік зерттеу жұмыстары мен жобалары таныстырылды.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өз сөзінде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін қозғады.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, су ресурстарын тиімді әрі ұқыпты пайдалану - елдің орнықты дамуының негізгі басымдықтарының бірі. Болашақта жас мамандар су ресурстарын тиімді басқару, жаңа технологияларды енгізу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісінде айрықша рөл атқарады. Сондықтан сіздердің білімдеріңіз бен жаңа идеяларыңыз Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қоса алады. Суды үнемдеу - баршамызға ортақ міндет. Күнделікті өмірдегі тіпті шағын әрекеттердің өзі үлкен нәтижеге жеткізеді. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана біз еліміздің су ресурстарын сақтап, оны келер ұрпаққа аман жеткізе аламыз»,– деп атап өтті министр.
Өз кезегінде ЕҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай университет құрылымындағы өзгерістер мен су саласы бойынша дайындалып жатқан мамандар жайына тоқталды.
«Директорлар кеңесінің шешімімен Жаратылыстану ғылымдары факультеті қайта құрылып, Жаратылыстану ғылымдары институты ашылды. Бүгінде институтта 2700-ден астам студент білім алып, 130-дан астам оқытушы қызмет етеді. Мұнда гидрология және су ресурстары саласы бойынша мамандар даярлауға ерекше мән берілуде», – деп жеткізді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков заңнамалық өзгерістерге мән берді.
«Су ресурстарын сақтау, экология және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Парламент Сенатында су мәселесіне, соның ішінде Арал теңізіне қатысты халықаралық келісімдер қарастырылып, оларды ратификациялау жұмыстары жүргізілуде», – деді Сенатор.
Экоклуб жетекшісі, Жаратылыстану ғылымдары институтының 3-курс студенті Амина Исмагулова студенттік бастамалар туралы айтты.
«Университетімізде қоршаған ортаны қорғау саласына нақты бағытталған 5 клуб қызмет атқарады. Сонымен қатар университеттік деңгейдегі студенттік ұйымдар мен 50 шақты клуб экология саласына арналған шараларды өз бағыттарына сәйкестендіріп жүргізіп келеді. 2025 жылы университетіміздегі білім алушылардың эковолонтерлер үлесі 11 пайызға дейін жетті», – деп бөлісті студент.
Айта кетейік, 2025 жылы университетте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамалары аясында «Таза Қазақстан», «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары бойынша 100-ден астам іс-шара өткізілді. Сонымен қатар «Игі істер марафоны» республикалық жобасында ЕҰУ «Ең мейірімді оқу орны» номинациясын иеленді.
Іс-шара соңында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су ресурстарын тиімді пайдалану саласында белсенділік танытқан студенттер мен еріктілерге алғыс хаттар табыстады.
