
Саяси көшбасшы имиджін қалыптастыру технологиялары мен әлемдік медиасаясаттың заманауи трендтері





Сәуірдің 1-і күні Журналистика және медиаөнер кафедрасында «Медиаөнер» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері үшін «Әлемдік медиасаясат» пәні бойынша «Әлемдік медиасаясат контекстінде саяси көшбасшы имиджін қалыптастыру технологиялары» атты ашық сабақ өтті. Кафедраның аға оқытушысы, PhD Әсел Қырғызғалиқызы Абылханова өткізген бұл дәріс сабағына кафедра меңгерушісі, PhD Амангелді Мейрамұлы Шурентаев, кафедраның оқу-әдістемелік жұмыстар бойынша жауапты маманы, ф.ғ.д., профессор Сәуле Есембекқызы Тапанова және аға оқытушы Мариэт Ахметқызы Сламбекова қатысып, заманауи білім беру технологияларының қолданылу аясын жоғары бағалады.
Дәріс барысында медианың шындықты жай ғана бейнелеуші немесе оны мақсатты түрде құрастырушы рөліне ғылыми тұрғыдан терең талдау жасалды. Оқытушы Никколо Макиавеллидің «ізгі болып көріну» стратегиясынан бастап, саяси имидждің теориялық тамырына тоқталып, имиджді психологиялық әсер ету мен тобырды басқарудың басты тетігі ретінде қарастырды. Т.С. Попованың жіктемесіне сүйене отырып, көшбасшы бейнесінің үш деңгейі – саясаткердің өзі туралы түсінігі (самоимидж), халық санасындағы нақты бейне (шынайы имидж) және қоғамның үміттеріне сай модельденген үлгі (идеалды имидж) арасындағы байланыстар мен қайшылықтар ашып көрсетілді.
Дәрістің тәжірибелік бөлімінде әлемдік деңгейдегі саяси кейстер жан-жақты талданды. Атап айтқанда, Барак Обаманың 2008 жылы my.barackobama.com сайты арқылы іске қосқан тарихтағы алғашқы «цифрлық штабы» мен 745 миллион доллар қаражат жинаған рекордтық краудфандингтік стратегиясы, Дональд Трамптың дәстүрлі БАҚ-ты айналып өтіп Twitter арқылы сайлаушылармен тікелей байланыс орнатуы және Эммануэль Макронның Big Data технологиясын пайдаланып, Францияны 60 мың шағын ауданға бөлу арқылы жүргізген дәлдігі жоғары микротаргетингтік жұмыстары студенттердің үлкен қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, медиадағы көшбасшы имиджін құрайтын бес негізгі психосемантикалық конструкт – мемлекетшілдік, авторитаризм, харизма, глобализм және моральдық аспектілердің заманауи динамикасы талқыланды.
Ашық сабақ соңында медиасаясаттың дамуымен қатар келген Fake News, дипфейктер және ЖИ технологияларының қаупі сияқты өзекті мәселелер қарастырылып, медиадағы жасанды имидж бен көшбасшының нақты репутациясы арасындағы алшақтық тудыратын легитимділік дағдарысы туралы ғылыми тұжырымдар жасалды. Студенттермен болған кері байланыс барысында болашақ медиа мамандары үшін ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау мен цифрлық дәуірдегі манипуляцияны тану дағдыларының маңыздылығы баса айтылып, заманауи саяси имидждің дәстүрлі және инновациялық технологиялардың теңгерімді үйлесімінен тұратын қуатты медиа-конструкт екені түйінделді.
Журналистика және медиаөнер кафедрасы
