
ЕҰУ-да «Суды үнемде – болашақты сақта» жобасы аясында жалпы республикалық ашық сабақ өтті















2026 жылғы 2 сәуірде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен «Суды үнемде – болашақты сақта» ауқымды жобасы аясында су үнемдеу тақырыбында жалпы республикалық ашық сабақ өтті. Іс-шара су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыруға, жастардың су саласындағы ғылыми-зерттеу және жобалау қызметіне қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ болашақ мамандардың суды тұрақты пайдалану мәселелеріне жауапкершілікпен қарауын күшейтуге арналды.
Ашық сабақ барысында су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі гидрология ғылымының орны, елдегі гидролог мамандарға сұраныс, кадр даярлау жүйесін жетілдіру және білім беру мазмұнын заманауи талаптарға бейімдеу мәселелері талқыланды. PhD, аға оқытушы Алагуджаева Манира Амангельдиевна «Гидрология – Қазақстанның су қауіпсіздігінің негізі: кадр тапшылығы және деректерді талдау, цифрлық модельдеу мен жасанды интеллект құзыреттері бар гидрологтарды даярлау жүйесін жаңғырту» тақырыбында баяндама жасап, гидрология бағыты бойынша мамандар даярлаудың өзектілігіне және аталған білім беру бағытын сақтау мен дамыту қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар гидролог мамандарды даярлау мәселесі министрлік және университет басшылығы деңгейінде көтеріліп, мамандыққа қабылдау талаптарын жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Іс-шарада 7M05210 – Гидрология білім беру бағдарламасының 1-курс магистранттары Құбаева Камила Мұратбекқызы, Тулегенова Зере Айдосовна, Жанбирбаева Айлана Ербатыровна және 6B05210 – Гидрология білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Ташева Ерке Айдосовна баяндама жасады. Баяндамаларда Алматы облысының кіші өзендері алаптарындағы су тапшылығы қаупін бағалау, Шу–Талас су шаруашылығы алабында су үнемдеу технологияларын қолдану, климаттың өзгеруінің Нұра өзенінің суына әсері және Қазақстандағы су ресурстарын цифрлық басқару мәселелері қамтылды.
Ашық сабақ су үнемдеу мәселесін кеңінен насихаттауға, гидрология саласының стратегиялық маңызын айқындауға және осы бағытта заманауи құзыреттерге ие білікті мамандар даярлау ісіне назар аударуға мүмкіндік берді.
