
Жасанды интеллектке серпін: ЕҰУ-да ғылым мен өндіріс тоғысты













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мынбай Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институтының (IDSAI) ұжымымен кездесті. Іс-шара барысында білім мен ғылымды ұштастыру, сондай-ақ инновациялық жобаларды дамыту мәселелері кеңінен қарастырылды.
Кездесу аясында қонақтар «Лю бань» оқу зертханасын аралап, студенттердің ғылыми жобаларымен танысты. Болашақ мамандар әзірлеген бастамалар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы заманауи үрдістерді айқын көрсетті.
Сондай-ақ IDSAI-дың гранттық ғылыми жобалары таныстырылып, зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары мен олардың практикалық маңызы талқыланды. Институт директоры Шахмаран Сейілов оқу орнының ғылыми-білім беру әлеуетіне тоқталып, халықаралық ынтымақтастық пен кадр даярлау сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар туралы баяндады.
«Біздің институт заманауи білім беру мен озық ғылыми зерттеулерді ұштастыра отырып, цифрлық экономиканың сұранысына жауап беретін мамандар даярлауға бағытталған. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрамындағы институт ретінде біз жасанды интеллект, деректерді талдау, цифрлық технологиялар бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Студенттеріміз тек теориялық біліммен шектелмей, нақты жобалар арқылы тәжірибе жинақтауда. Біз гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асырылып жатқан зерттеулерді кеңейтіп, олардың нәтижелерін өндірісте қолдануға ерекше мән береміз. Сондай-ақ, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы АҚ-пен орнатылған серіктестік ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға жаңа серпін береді деп сенеміз. Бұл өз кезегінде студенттер мен жас ғалымдарға үлкен мүмкіндіктер ашады. Алдағы уақытта біз халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, білім беру бағдарламаларын жетілдіруді және ғылыми-инновациялық экожүйені дамытуды жалғастырамыз»,- деді Цифрлық ғылымдар және жасанды интелект институтының директоры Шахмаран Сейілов.
Кездесу барысында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов оқу орнының ғылыми-зерттеу және инновациялық даму бағыттары, жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздылығы және университеттің бизнес құрылымдармен ынтымақтастығын дамытудың стратегиялық мәнін атап өтті. Ректордың айтуынша, ұлттық зерттеу университеті ретінде ЕҰУ-да технологиялық жетілу деңгейі жоғары ғылыми жобалардың ауқымды портфелі бар және оларды экономиканың нақты секторына белсенді енгізу қажет.
«Лю бань» шеберханасы – елдегі ең заманауи техникалармен жабдықталған санаулы оқу алаңдарының бірі. Мұнда студенттер тек технологиялармен танысып қана қоймай, олармен жұмыс істеуге, зерттеу жүргізуге, өз инженерлік шешімдерін сынап көруге және жобалауға нақты мүмкіндік алады. Бүгін таныстырылған зертханалар мен ғылыми жобалар – цифрлық технологиялар бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижесі»,-деді Басқарма төрағасы-ректор Ерлан Сыдықов.
Кездесу барысында IDSAI мен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы АҚ арасында ынтымақтастық және индустриялық серіктестікті дамыту жөніндегі келісімге қол қойылды. Бұл рәсімді ЕҰУ тарапынан Басқарма төрағасы-ректор Ерлан Сыдықов және РһD, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Максим Сутула жүзеге асырды. Бұл құжат институттың ғылыми-зерттеу нәтижелерін орталықтың өндірістік базаларында пилоттық түрде енгізуді көздейді. Сонымен қатар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, ауыл шаруашылығы саласына инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ IDSAI ЕҰУ ғалымдарының түрлі экономикалық салаларға, оның ішінде агроөнеркәсіп кешеніне бағытталған қолданбалы ғылыми жобаларына ерекше назар аударылды. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы АҚ Басқарма төрағасының орынбасары аграрлық өнеркәсіптегі жобаларды таныстырып, болашақ ынтымақтастық бағыттарын, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын, цифрлық платформалар мен сараптамалық жүйелерді енгізуді атап өтті.
«Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы. Бұл өнімділіктің өсуіне, шығындардың азаюына және жаңа жоғары технологиялық нарықтардың қалыптасуына ықпал етеді. Біз ЕҰУ-дың Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институтымен бірге жұмыс істеуге қашанда әзірміз»,- деді Басқарма төрағасының орынбасары Максим Сутула.
Іс-шара соңында Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай сөз сөйлеп, университеттің стратегиялық даму бағыттарына тоқталды.
«Бүгін біз цифрлық ғылымдар мен жасанды интеллект саласының қарқынды дамып келе жатқанын айқын көріп отырмыз. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін бұл бағыт стратегиялық басымдықтардың бірі болып табылады. Цифрлық трансформация дәуірінде жоғары оқу орындарының алдында жаңа міндеттер тұр. Біз тек сапалы білім беріп қана қоймай, нақты секторға қажетті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауымыз қажет. Осы тұрғыда Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институтының жұмысы ерекше маңызға ие. Бүгін таныстырылған студенттік жобалар мен ғылыми зерттеулер – университетіміздің әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Әсіресе, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту – уақыт талабы. Осы бағытта Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы АҚ-пен орнатылған серіктестік үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін. Біздің басты мақсатымыз – инновациялық экожүйе қалыптастыру, жас ғалымдарды қолдау және Қазақстанның зияткерлік әлеуетін арттыру. Бұл жолда баршамыздың бірлескен еңбегіміз маңызды»,- деді Дархан Мыңбай.
Кездесу қорытындысында тараптар инновацияларды жедел енгізуге, агроөнеркәсіп кешенін цифрлық трансформациялауға және ғылым, білім мен өндіріс арасындағы тұрақты экожүйені қалыптастыруға бағытталған әріптестікті тереңдетуге дайын екендерін білдірді.
Қол жеткізілген келісімдерді іске асыру Қазақстанда озық цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген білім экономикасын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болмақ.
