
ҒЫЛЫМИ ДИАЛОГ – БОЛАШАҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ НЕГІЗІ: «Ystyq Shelpeq» экономистер клубының кезекті отырысы өтті





2026 жылғы 30 наурызда «Ystyq Shelpeq» экономистер клубының кезекті отырысы өтті. Аталған іс-шара Жоғары экономика және туризм мектебінің оқытушылары мен докторанттарын біріктірді. Microsoft Teams платформасында өткен онлайн кездесу ғылыми пікір алмасу, идеялармен бөлісу және зерттеу бағыттарын қалыптастыру алаңына айналды.
Отырыс барысында экономикалық ғылымның заманауи даму бағыттарын қамтитын және докторанттардың диссертациялық зерттеулерін дайындауға жаңа мүмкіндіктер ашатын екі өзекті ғылыми мақала ұсынылып, талқыланды. Айта кету қажет, ұсынылған мақалалар Scopus деректер базасына кіреді.
Алғашқы баяндама Economies журналында жарияланған Elena Rusu Cigu авторлығындағы «Фискалдық децентрализация, жасыл қаржыландыру және цифрлық экономика арасындағы байланысты зерттеу: елдераралық панельдік зерттеу» атты мақалаға арналды. 1-курс докторанты Мәнсия Жанабай зерттеуде “nexus” тәсілі қолданылғанын атап өтті, яғни аталған факторлар өзара байланыста қарастырылады. Зерттеу нәтижелері фискалдық орталықсыздандырудың экономикалық саясаттың тиімділігін арттыратынын, жасыл қаржының тұрақты жобаларға инвестиция бағыттайтынын, ал цифрлық экономиканың бұл үдерістердің технологиялық негізін қалыптастыратынын көрсетеді. Авторлар ең жоғары нәтижеге осы факторлардың синергиясы арқылы қол жеткізілетінін дәлелдейді. Жұмыстың ғылыми маңыздылығы экономикалық трансформацияның негізгі бағыттарын кешенді талдауында және диссертациялық зерттеулер үшін әдіснамалық негіз ұсынуында.
Екінші баяндама Socio-Economic Planning Sciences журналында жарияланған (Yulong Jie, Shuigen Hu, Siling Zhu, Jue Wang) «Цифрландыру қала мен ауыл аймақтары арасындағы табыс алшақтығына қалай әсер етеді?» атты мақалаға негізделді. Бакыт Злобин, 1-курс докторанты зерттеуде дамушы елдердегі табыс теңсіздігіне цифрландырудың әсері панельдік талдау, fsQCA және NCA әдістері арқылы қарастырылғанын баяндады. Мақаланың авторлары цифрландыру әсерінің сызықтық емес екенін және оның цифрлық инфрақұрылым, қаржы және институционалдық орта сияқты факторлардың үйлесіміне тәуелді екенін көрсетеді. Зерттеу нәтижелері кешенді цифрлық трансформацияның табыс алшақтығын азайтуға ықпал ететінін, ал оның жеткіліксіз дамуы теңсіздікті күшейтуі мүмкін екенін дәлелдейді. Жұмыстың ғылыми маңыздылығы конфигурациялық тәсілді қолдану арқылы күрделі әлеуметтік-экономикалық үдерістерді тереңірек талдауға мүмкіндік беруінде.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Экономика және кәсіпкерлік» кафедрасының Құрметті меңгерушісі Айгүл Булатовна Майдырова атап өткендей, мұндай материалдар докторанттарға зерттеулерінің құрылымын ерте кезеңнен қалыптастыруға, ғылыми мәселелерді нақтылауға және теориялық негізді айқындауға мүмкіндік береді.
Отырыс барысында белсенді пікірталас өтті: қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, қолданылған әдістерді талқылап, зерттеу нәтижелерінің ұлттық экономика жағдайында қолданылу мүмкіндіктерін қарастырды. Мұндай формат сыни ойлауды дамытуға, өз ұстанымын негіздеуге және ғылыми диалог жүргізуге ықпал етеді.
Мұндай кездесулер ғылыми мәдениетті қалыптастыруда және академиялық ортаны дамытуда маңызды рөл атқарады. «Ystyq Shelpeq» клубы заманауи ғылыми жетістіктер талқыланатын және болашақ диссертациялық зерттеулердің негізі қаланатын маңызды зияткерлік алаң болып қала береді.
