
Қазақстан университеттерінде журналистік білімді жаңарту мәселесі талқыланды













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасындағы РОӘК ОӘБ «Журналистика және ақпарат» кадрларын даярлау бағыты бойынша Жобаларды басқару тобының көшпелі мәжілісі өтті. Басқосу ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Конституция залында ұйымдастырылды.
Мәжілісті ОӘБ төрағасының орынбасары, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай жүргізіп, жиынның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі талқылаулар журналистика саласындағы білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Жиында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері бас қосып, саладағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Баяндамалар барысында білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру, оқыту үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу, оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіру және жұмыс берушілермен тиімді байланыс орнату мәселелері кеңінен талқыланды.
Атап айтқанда, М.Шындалиева білім бағдарламаларының сапасын саралауға тоқталса, Қ.Мысаева оқытудың заманауи әдістері мен цифрлық мүмкіндіктеріне назар аударды. М.Негізбаева оқу-әдістемелік базаны күшейту мәселесін көтерсе, Б.Баешова жұмыс берушілермен серіктестікті дамыту бағытында ұсыныстарын жеткізді. Ал К.Қарымбаева аймақтық жоғары оқу орындарындағы журналистік білім беруді жаңғырту қажеттігін атап өтті.
Мәжіліс соңында секция жетекшісі Н.Қуантаев баяндамасында оқу құралдарына гриф беру, «Қоғаммен байланыс» білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік гранттарды бөлу және «Құжаттану» пәні бойынша кешенді тестілеудің спецификациясы сияқты маңызды мәселелер қаралды.
Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, журналистика және ақпарат саласындағы білім беру сапасын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылданды.
