
Қазақ тіл білімінің ғылыми мектебі: дәстүр, ізденіс, нәтиже

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ тіл білімінің ғылыми мектебі: дәстүр, ізденіс, нәтиже» атты қазақ тіл білімі кафедрасы ғалымдарының жаңа ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерін таныстыру рәсімі өткізілді. Іс-шара университеттің №5 оқу-зертханалық ғимаратында орналасқан ғылыми кітапхананың оқу залында болды. Сондай-ақ кітапхана қызметкерлерінің көмегімен қазақ тіл білімі кафедрасы ғалым-оқытушыларының ғылыми-әдістемелік еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылды. Таныстырылым барысында кафедра ғалымдары жариялаған 1 монография, 2 сөздік, 4 оқулық ұсынылды. Профессор Ж.А. Жақыповтың редакциясымен шығарылған «Хотон тілі» монография жобалық зерттеу мен далалық ғылыми экспедиция айғақтары негізінде жазылып, Монғолиядағы жойылған хотон тілінің лингвоэтнологиялық, лингвомәдени, лингвофольклортанулық, лексика-фразеологиялық, фонетикалық және грамматикалық сипаттамалары сараланған. Сондай-ақ Хотонша-қазақша-түрікше-моңғолша-орысша-ағылшынша сөздік жасалған. Ғылыми зерттеу нәтижелері ғалымдардың тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Филология Ғылымдарының докторы, профессор Гүлғаша Сағидолда монография тек қазақ тіл білімі ғана емес, әлемдік түркітану ғылымы үшін де елеулі жаңалық екенін атап өтіп, зерттеу тобына алғыс білдірді. Кафедраның профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы «Өміршең есімдер» мәдени-танымдық сөздігін таныстырды. Қазақ ат қою дәстүрінің қалыптасу тарихына тоқтала келіп, ат қоюдағы үрдістер мен оның тарихи-мәдени санамызға ықпалы туралы тұжырымдарымен бөлісті. Кафедра ғалымдары – Гүлбаршын Сыздықова, Ләззат Еспекова, Қарлығаш Сарекенова, Салтанат Шоқабаевалардың авторлығымен шыққан «Қазіргі қазақ тілі» оқулығы республикалық оқу-әдістемелік кеңестің мақұлдауымен жарияланған. Жоғары оқу орындарының филология мамандықтарына оқулықта қазіргі қазақ тілінің фонетика, лексикология, сөзжасам, морфология секілді маңызды салалары қамтылған.
Қауымдастырылған профессор Гүлнәр Сәрсеке жиналған ғылыми қауымға өзінің «Тіл мәдениеті» оқу құралын таныстырды. Оқулық мазмұнының жан-жақтылығымен және құрылымының ерекшелігімен айрықша сипатталады. Еңбекте Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған тіл жұмсау қағидаттары – тіл тазалығы, тіл анықтығы, тіл дәлдігі, сөз бедері, сөздің көрнекілігі мен сөз дұрыстығы – негізге алынып, тілдің әуезділігі, дұрыстығы және байлығы кешенді түрде қарастырылған.
Кафедра ғалымдары Ардақ Бейсенбай және Жамила Өмірбекованың біріккен авторлығымен шыққан «Қазіргі қазақ тілі» оқулығы тіл мамандарының кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға, қазақ тілінің табиғатын ғылыми тұрғыдан зерделеуге және оны оқыту мен зерттеуде қолданбалы дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді. Білім алушының ойлау қабілетін тереңдету үшін заманауи білім беру технологиялары кеңінен қолданылған.
Ғалым Жамила Өмірбекованың жеке авторлығымен шыққан «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау» оқулығы мәтінмен жұмыс істей отырып, оны лингвистикалық тұрғыдан жүйелеудің, талдаудың әдіс-тәсілдерін көрсетеді. Оқулық студенттердің көркем мәтінге кешенді лингвистикалық талдау жасауды үйренуіне, сондай-ақ, синтаксис, стилистика сынды түрлі пәндерден алған білімдерін бекітуіне мүмкіндік береді.
Таныстыру рәсіміне Астана қаласындағы Назарбаев университеті, Тұран университеті, А. Құсайынов атындағы ЕГИ және Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» орталығының ғалымдары қатысып, еңбектер туралы өздерінің жоғары бағаларын берді. Филология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы ғылым мен тәжірибені ұштастырудағы еңбектердің қолданбалы сипатына ерекше көңіл аудартты. Назарбаев университетінің профессоры Сарқыт Әлісжан оқулықтардың заманауи құрылымдарына тоқталып өтті.
